Күрішбаев ветеринария саласын дамытуға арналған ұсыныстар айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Ақылбек Күрішбаев ветеринария жүйесінің жай-күйі нашарлағанын айтты. Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған сауалында депутат мұның себебі кезіндегі біртұтас ветеринария жүйесінің бөлінуі және қадағалау функциясының әлсіреуі деп түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осындай өзгерістерден кейін ветеринария саласынан ветеринарлық заңнаманың үстемдігін сақтап қалуды және саланың эпизоотиялық жағдайының мүддесін қорғаған тәжірибелі мамандар кетуге мәжбүр болды. Тиімсіз реформаның соңы неге алып келгенін біздің жағдайымызға бейімделмеген малды жаппай импорттап, онымен бірге бұрын бізде болмаған экзотикалық жұқпалы ауруларды таратуға сеп болған «Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру» жобасының мысалынан көруге болады. Осы уақытқа дейін қоғамда импортталған малдың қалай бейімделгені туралы, олардың қаншасы ауру болып шыққаны, қаншасының жойылғаны, қандай ауру түрлерін әкелгені және қандай ауқымда таралғаны жөнінде ақпараттар берілген жоқ», - деді А. Күрішбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Оның пайымынша, бруцеллезге қарсы күрес саясатын өзгерту, зертханаларды оны диагностикалаудың аз сезімтал әдістеріне ауыстыру, шығарылған қорытындыны сотта даулау нормаларын енгізу нәтижесінде бруцеллездің таралуы бойынша елдегі жағдай тек шиеленісе түсті. Жуырдағы жоғары патогенді құс тұмауының өршуі ветеринария саласының қауқарсыздығын айқын көрсетті, оның нәтижесінде құс шаруашылығы өнеркәсібінің бірқатар кәсіпорындары жылдар бойы өсірген құс басынан айырылды, оған қоса қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге мөлшерінде өтемақы төлеуге мәжбүр болып отырмыз.

Сенатордың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ықтимал шаралар қабылдануда, бірақ бұл мәселеде бүкіл Үкіметтің қолдауы қажет. Егер бүгін мемлекеттік деңгейде оны қалпына келтіру бойынша қажетті шаралар қабылданбаса, бұл халықтың денсаулығына әсер етуі мүмкін.

Депутат ветеринариялық инспекторлардың жалақысын көбейтумен қатар, еңбектің зиянды жағдайлары үшін, олардың аса қауіпті ауруларды жұқтыру қатерінің болуын ескере отырып, үстемеақы төлеуді көздеу қажет екенін айтты. Ақылбек Күрішбаев ветеринария және жануарларды есепке алу жүйесіне қазіргі заманғы цифрлық технологияларды енгізуді жеделдету, жоғары оқу орындарында ветеринария мамандарын даярлау жүйесін оқу процесін ғылыми-зерттеу қызметімен интеграциялау, ветеринариялық зертханалар жүйесін орталықсыздандыру және референттік-бақылау функцияларын күшейту жолымен реформалау маңызды екеніне тоқталды.

Сонымен қатар, депутат елімізде өндірілетін және мемлекеттік тапсырыс бойынша сатып алынатын ветеринариялық препараттардың сапасын бақылаудың тәуелсіз жүйесін құру қажеттігіне назар аудартты.


Соңғы жаңалықтар