Құрбандық шалатын орындарға бару үшін алдын ала жазылу қажет – Діни басқарма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Сары», «жасыл» аймақтағы өңірлерде арнайы құрбан шалатын орындар ашылады. Оған бару үшін алдын ала жазылу керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әр өңірдегі ҚМДБ жұмыс тобының call-орталыққа қоңырау шалып, алдын ала жазылу керек. Арнайы тізім жасалып, құрбан шалуға ниетті тұлғаға кезек саны мен баратын нақты уақытын хабардар етуі қажет. Бәрі бірдей бір уақытта бармау үшін, әркім талон секілді өз кезегімен барып құрбандық шалады», - деп түсіндірді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

20 шілде күні сағат 7:20 дан бастап «сары», «жасыл» аймақтағы өңірлерде алдын ала жазылған тұлғалар белгіленген уақытта арнайы қасапханада құрбан шалады, әрбір адамға 1 сағат уақыттан беріледі.

«Офлайн форматта құрбан шалушы ҚМДБ-ның жауапты тұлғасына «ASHYQ» бағдарламасындағы өз статусын көрсетуі қажет. «Жасыл» және «көк» түстердегі тұлғалар қасапхана ғимаратына кіре алады, «қызыл» және «сары» түстердегі тұлғаларға рұқсат етілмейді», - дейді Е. Оңғар.

Құрбандық етін ет сақтайтын орындарға жөнелту және жеткізумен еріктілер, имамдар айналысады. Бұл тегін болады. Құрбан еттерін жағдайы төмен отбасылар, жетімдер мен қарттар үйі және әлеуметтік жағдайы осал топтарға таратылады.

«Қаспаханаларда тазалыққа мән беріліп, санитарлық талаптардың сақталуын қатаң қадағалауды қолға алдық. Күні кеше Бас мүфти жұмыс тобымен бірге қасапхана тазалығын, мал соятын орындар мен сойылатын малды көріп қайтты. Құрбандық малын сойдыруға, сатып алуға, сату, оны сою кезінде санитарлық талаптар, тазалық жағына мән беруге шақырамыз. Дінімізде тазалықтың маңызы жоғары», - деді Ершат Оңғар.


Соңғы жаңалықтар