Құпия сатып алушы теміржол көлігінде жемқорлық тәуекелді тексерді – Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының теміржол көлігінде «құпия сатып алушы» әдісі арқылы жемқорлық тәуекел тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, «Адал жол» аясында аймақтық Арнайы мониторингілік топ мүшелерінен, «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық департаменті және Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерінен құралған жобалық топ «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметінде «Құпия сатып алушы» әдісімен тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында қоғамдық мониторинг жүргізді.

«Мониторингілеу кезінде жол жүру құжаттарын заңсыз сатуға және билетсіз жолаушыларды тасымалдауға жол бермеу мақсатында вокзал мен жолаушылар пойыздары қамтылған.

Топтың шығу нәтижелері бойынша билеттерді қайта сату фактілері анықталған жоқ, бұл аймақтық жобалық топтың және жалпы, «Адал жол» жобалық кеңсесі қызметінің тиімділігін көрсетеді», - дейді ведомстводан.

Сонымен қатар, «Көкшетау-Қызылорда» теміржол жолаушылар құрамының жағдайына мониторинг жүргізілді, оның барысында жолаушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасына ерекше көңіл бөлінді. Осылайша, төсек-орын жабдықтарының жағдайы, гигиеналық құралдардың болуы, санитарлық нормалардың сақталуы, вагондардың техникалық жағдайы зерттелді.

Айта кету керек, таяуда осы пойызда жолаушыларға сервистік қызмет көрсетуді жетілдіру бағытында буфет жұмыс істей бастады.

«Билет кассаларының жұмысын, вокзалдарда жолаушылар пойыздарына билет сату бойынша алыпсатарлыққа жол бермеуді, сондай-ақ жол жүру жолындағы жолаушылар пойыздарын бақылауды күшейту мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар 2019 жылдың 30 қарашасынан 2020 жылдың 4 қаңтарына дейінгі кезеңде «Жолаушылар пойыздарына билет тапшылығын жою» акциясын өткізуде», - деп толықтырды ведомстводан.

Аумақтық көліктік бақылау инспекциясының мәліметтері бойынша, жыл басынан бері тексеру жүргізу барысында билетсіз жолаушыларды тасымалдаудың 77 фактісі, сондай-ақ жолжүгін және жүк-багажды тасымалдау ережесін бұзуға қатысты 35 факті анықталды (артық қол жүгін тасымалдау, өрттен қорғау дабылының ақауы, қауіпті заттарды тасымалдау және т.б.). Анықталған ескертулер бойынша 36 әкімшілік материал қозғалып, 244 934 теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Ведомство атап өткендей, 2018 жылғы 29 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен «Жолаушылар тасымалы» АҚ арасында Теміржол жолаушылар көлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Келісім аясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ штатында темір жол тасымалдарын жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептері мен жағдайларын анықтау және жою бойынша жұмыстарды жүргізуді көздеген «Адал жол» жобалық кеңсесі құрылды.

Аслан Оспанов.

Соңғы жаңалықтар