Құндылықтарға негізделген мектеп концепциясымен жұмыс істеуіміз керек - Дархан Өте

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зерттеу жұмыстары рухани тәрбиені негізге алған білім орындары академиялық жағынан да жетістікке жетіп отыр. Бұл туралы «Рухани даму және ұлттық дәстүрлерді сақтау» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде «Білім инновация» Халықаралық қорының президенті Дархан Өте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз өз концепциямызды «құндылықтарға негізделген мектеп» деп беріп отырмыз. Бұл ойдың негізгі түйіні: Елбасымыз «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында айтып өткендей, ұлттық құндылықтарымыздың тозық жағынан қалай бас тартып, озық жағын қалай жандандыратынымыз туралы мамандармен ақылдасып, білім-инновация лицейлерінде 30 жыл бойы жасап келе жатқан тәрбие жұмыстарын зерделеп, осы мәселе халықаралық деңгейде қалай жүріп жатқанын зерттеп, ҚР Білім және ғылым министріне осы концепцияны ұсындық. Бұл концепция білім мен ғылымды дамытудың бес жылдық жоспарына кіргізілді», - дейді Дархан Өте.

Оның айтуынша, зерттеу жұмыстары рухани тәрбиені негізге алған білім орындары академиялық жағынан да жетістікке жетіп отырғандарын дәлелдеп отыр.

«ХХІ ғасыр жастарына қандай дағды, қабілет қажет? Ең алдымен еркін ойлана алатын, рухы, санасы азат, адамгершілік, мейірімділік, отансүйгіштік сияқты құндылықтарды бойына сіңірген, заманауи білімді, ХХІ ғасырға сай, әлем азаматына сай дағдыларды бойына сіңірген азаматтарды дайындап шығару - барлық отбасы, барлық білім беру орындары мен қоғамның басты мәселесі. Біз лицейлерде 18 құндылықты таңдап, бастауыш, орта, жоғары сыныптарға әдістемелік кітап дайындап шықтық. Қазіргі ұрпақ әмір беріп сөйлесуді қабылдамайды, олармен тең дәрежеде сөйлесу керек. Әр айда бір құндылықты дәріптейміз. Мысалы, осы айдағы тақырып «мейірімділік» болса - сабақ жоспарына кіргізіп, сабақ үстінде осы тақырыпқа тоқталып өту керек. Әр пән мұғалімі өмірден мысалдар келтіре отырып оқушының санасына әсер етуі керек», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар