Күнәсіз бала жетімдер үйіне кеткенде жүрегім шыдамады– полиция подполковнигі Сәния Мұстафина

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы Полиция департаменті Тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция подполковнигі Сәния Мұстафина қызмет бабының қиындықтары жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция подполковнигі ішкі істер органдарында қызмет етіп жүргеніне 18 жылдың жүзі болған.

Осы мамандыққа бала кезінен қызығушылық танытқан.

«2002-206 жылдары ҚР ІІМ Академиясында білім алдым. 2006 жылы оқу бітірісімен Алмалы аудандық ПБ анықтау бөліміне жұмысқа тұрдым. Полицияның қызығы мен шыжығы мол қызметінде жүргенімде «қаңғыған» оқ тиіп анықтау бөлімінен ауыстым. 4 айға созылған емнен соң тергеуші болып жолымды бастадым. Негізі, бала кезімнен арманым – тергеуші болу еді», - деді Сәния Мұстафина.

Кейіпкер полиция қызметіне нәзік жандылар мінезінің қаттылығынан немесе билікке ұмтылыстан келмейтіндігін айтады. Ең алдымен, адамгершілік, әділеттілік орнатуды мақсат тұтатынын жеткізді. 18 жылда Сәния түрлі қылмыстық оқиғаларды көрген, оларды ашуға, айыптыларды табуға тырысқан.

«Былтыр туғанына 40 күн болған баласын сатқан әйелді ұстадық. Адамның аморалды өмір сүруіне баршылық немесе жоқшылық әсер етпейді екен. Оған тағы да көзім жетті. Әйел өте бақуатты отбасынан шыққан. Ішер ас, киер киімнен кенде болмаған. Алайда, қыз күнінен үйінен кетіп, сыртта жүріп бала туған. Ол баланы ата-анасы бағып алған. Бір-екі жылдан соң тағы үйден безеді. Кейін сыртта жүріп екінші баласын туады. Сол баланы әйел сатпақшы болған. Ұстау кезінде оқиға орнына бардық. Сараптама тағайындадым. ДНҚ тест жүргіздік. Бала мен анадан эпителий алынды. Сол түні бала жетімдер үйіне рәсімделді. Мен неше түрлі зорлық, адам өлімі деген сияқты қылмысты көрдім. Бірақ, кінәсіз сәбидіңң ешкімге керегі болмай қалған кезде көз жасыма ерік бердім» - деді полиция подполковнигі Сәния Мұстафина

Сәнияның тәжірибесінде аса ауыр қылмыстар да болған.

«Биыл 2 ер адам бір адамды қасақана өлтіріп, «трофей» ретінде саусағын кесіп алған. Осы қылмысты тексергенде барынша мұқият болуға тырыстық. Сараптама тағайындап, олардың жүрісін видео арқылы бақыладық. Куәгерлерді іздедік. Нәтижесінде 4 айға созылған тергеуден соң, екі күдіктіге сот 18 жылдан бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», - деді Сәния Мұстафина.

Оның айтуынша, қызмет бабының тауқыметін отбасына көрсетпеуге тырысады.

«Біз осы негативті нәрселерді бойымыздан, жүрегімізден өткізбеуге тырысамыз. Менің отбасым бар, екі балам бар. Шамам жеткенше отбасыма да көңіл бөлуге тырысамын. Жолдасым да тергеу басқармасында жұмыс істеген. Қазір – ІІМ зейнеткері. Менің қызмет бабында жеткен жетістіктерімнің көпшілігі сол кісінің арқасы. Балаларым да біз сияқты ата жолын қуып, тергеуші боламыз дейді», - деді С.Мұстафина.

Полиция подполковнигі жас лейтенанттарға мамандығын қалтқысыз сүюге кеңес берді.

«Бізді бұл мамандықта ұстап тұратын бірінші кезекте – әділеттілік, қылмысқа төзбеушілік, адамгершілік сияқты үлкен қасиеттер. Егер осы қасиеттер болмаса, басқасынан пайда жоқ. Өз мамандықтарыңызды сүйіңіздер», - деді ол. Көлікте отырып көз жасыма ерік бердім», - дейді С.Мұстафина.



Соңғы жаңалықтар