Күн сайын бесқабатты үйдің халқына тең адамды жерлеп жатырмыз - инфекционист

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде жоғары санатты инфекционист дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты коронавирус құрбандары «жасарып» бара жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы айда, стационарлық көмекке деген қажеттілік айтарлықтай өскен кезде, елордада күн сайын 300-ден астам адам ауруханаға жатқызылды. Олардың 10-15% реанимацияға түсті. Күн сайын бірнеше адамнан айырылып отырдық. Бүгінгі статистика да оңып тұрған жоқ. Бір тәулікте Қазақстан бойынша коронавирус инфекциясы расталған 149 адам қайтыс болды. Олардың бәрі вакцина алмаған. 149 адам дегеніңіз бес қабатты, төрт подьезді үйдің тұрғын саныман шамалас. Бір тәулікте тұтас бір тұрғын үйдің адамы қайтыс болды деген сөз. Бұлай кете берсе, әлі бір күнде бір ауылдан, кейін бір шағынауданның халқына тең адамнан айырыламыз. Ол біреудің ата-анасы, біреудің баласы болуы мүмкін», - деді инфекционист маман.

Дәрігер індетпен реанимацияға түскендердің арасында тіпті жасқа толмаған сәбилердің бар екенін еске салды.

«Елордада бір жасқа дейінгі, балабақша жасындағы балалар реанимацияға, өкпені жасанды желдету аппараттарына түсіп жатыр. Біз 60-тан асқан науқастардың көз жұматынына бой үйрете бастаған сияқтымыз. Қазір 20-25 жастағы науқастар да реанимация төсегінен тұрмай қалып жатыр. Бұл өте қорқынышты, әсіресе балалар қауіпке душар», - деген маман келешекте вакцинаның капсуладағы түрлері де шығуы мүмкін екенін растады.

«Вакциналар екпе түрінде ғана емес, капсула түрінде, басқа да формада болуы мүмкін. Бірақ оның Қазақстанда пайда болуын күтіп отырудың қажеті жоқ. Жаңа ғана айтқанымдай, күн сайын бір тұрғын үйдің адамын жерлегіміз келмесе, вакцинация мүмкіндігін барынша пайдалануымыз керек», - деді Сәуле Атығаева.


Соңғы жаңалықтар