Құлжа-Бұқтырма жолайрығы 350 мың алматылықтың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Құлжа тасжолының Бұқтырма көшесімен қиылысқан тұсында салынып жатқан жолайрықтың құрылысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құлжа тасжолының Бұқтырма көшесімен қиылысқан тұсында қаланың «шығыс қақпасы» жанындағы қозғалысты жеңілдететін көлік айрығы салынып жатыр. Қала тұрғындарына «әуежай айналма жолы» ретінде таныс бұл аймақта көлік нөпірі сейілмей тұр», - деп жазды қала әкімі Б. Сағынтаев Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, жобаға сәйкес мұнда төрт және алтыжолақты қозғалыспен жүретін заманауи әрі көпдеңгейлі жол өткелі салынады.

Құлжа тасжолы бойындағы эстакаданың ұзындығы - 784 шақырым, Бұқтырма көшесіндегі туннелдің ұзындығы - 570 шақырым. Аумақтың айналасын абаттандыру үшін 750 ағаш отырғызылады.

«Жоспар бойынша келер жылдың соңына қарай пайдалануға берілгеннен кейін Бұқтырма көшесінің өткізу қабілеті 30%-ға, ал Құлжа трактісі бойынша 15%-ға өседі. Жалпы, бұл жолайрығы Түрксіб ауданы мен қала маңындағы елді мекендердің 350 мыңға жуық тұрғынының жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызбақ», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Еске салсақ, қазір Алматыда Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесінің және Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесінің қиылыстарында тағы екі көлік айрығы салынып жатыр. Олардың құрылысын аяқтау 2021 жылдың соңына жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар