Күлтөбе қалашығының құнды жәдігерлері: Жарық шашатын аспаптардың эволюциясы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының қаржылай қолдауымен «Қазақстан мәдениет ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жүргізіп жатқан Күлтөбе қалашығындағы 2020 жылғы археологиялық қазбаның жаңа кезеңі бірегей жәдігерлердің табылуымен басталды.

«Күлтөбе қалашығының тарихи орындарын реставрациялау» жобасының ғылыми кеңесшісі Бауыржан Байтанаевтың пайымдауынша, бұл жәдігерлер – ерте заманда өмір сүрген адамдардың жарық шашатын аспаптары. Соның бірі – жарық шашатын шырағдан аспабы бүп-бүтін сақталған күйі біздің заманға дейін жетіп отыр. Ол шамамен XVIII-XIX ғасырларға тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде жарық шашатын аспаптар жиі кездесе бермейді. Оларды тереңірек зерттеу жұмыстары Тараз материалы бойынша басталған. Ол зерттеуді ХХ ғасырдың ортасында танымал археолог Т.Н.Сенингова (Күлтөбе қалашығын ашқан археологтардың бірі) жүргізген болатын. Ежелгі Қазақстанның бұл жәдігерлерінің кейбірі отандық археологияның мэтрі К.М. Байпақовтың мақалаларында да кездеседі. Әйтсе де ежелгі жарық шашатын аспаптарды зерттеудегі басты проблема – ғалымдардың бұл аспаптардың тек фрагменттерін таба алуы еді. Ал Күлтөбеде табылған жәдігерлер бұл бағытты зерттеуде тыңға түрен салдырайын деп тұр. Сонымен қатар бұл аспаптардың символикалық-семантикалық мәнін де ұмытпау керек. Бұл жарық үшін ғана қолданылып қоймай, от культымен де байланысты», - деп пікір білдірді тың жәдігерлер жайлы жобаның ғылыми қызметкері Айсұлу Ержігітова.

Бүгін таныстырылып отырған жәдігер – жарықшам бүтін күйде табылған. Құрылым жағынан екі бөлек бөліктен тұрады. Шырағданның алғашқы бөлігі темірден соғылған, фигуралық базамен бөліне дөңгелете салынған. Төменгі бөлігі жартылай салалық формадан жасалған. Үстіңгі бөлігі қосқұрамды, қысқа цилиндр іспеттес, оның үстінде трапеция формалы массивті шара орналастырылған.

Шырағданның екінші бөлігі қоладан құйылған. Цилиндр формалы қола резервуар. Цилиндрдің төменгі бөлігі өтпелі түрткілеуші түріндегі конус іспеттес. Шырағданның бірінші бөлігінің биіктігі 55 см, екіншісінің биіктігі – 38 см.

«Қазіргі уақытта шырағданның бұл түрінің Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы ежелгі және бертін жәдігерлердің ішінде баламасы жоқ. Бұл – бірегей. Шырағдан шамамен Қоқан хандығы тұсынан қалған. XVIII-XIX ғасырларға жатады. Металлдан жасалған шырағдан қалалық жерде ғана пайдаға жараған болуы керек. Қарапайым қалалықтар, Түркістан округіндегі ауыл халқы бұрыннан бері балшықтан жасалған жарықшамды пайдаланып келген», - дейді археолог Ерлан Қазизов.

Күлтөбе материалдары бойынша жарық шашатын аспаптардың эволюциясын зерттеудің маңызы зор. Әлбетте жарықшамдардың өзі үйде қолдан жасалған шара іспеттес формадан қолөнершілер жасаған шыраққа дейінгі ұзақ жолды басып өткені даусыз.

«2019 жылғы далалық зерттеулер кезеңінде Х-ХII ғасырларға тиесілі, тіпі одан да ертеде қолданыста болған жарық шашатын аспаптар табылған. Олардың түрі де, жасалатын амал-әдісі де әртүрлі еді. Мәселен күлтөбелік керамикалық шырақ, атап айтқанда тұмсығы шығыңқы әрі ілмек тәрізді тұтқасы бар жарықшамның өзі керемет. Әсіресе сырты ақ-кремді түспен боялған әрі қоңыр бояумен нүктелер бейнеленген шырағдандар да тартымды. Шырақтардың тағы бір толығымен қоңыр түске боялған. Күлтөбедегі жарық шашатын аспаптардың қатарына сонымен қатар биыл табылған шойын шырақ та жатады», - деді ғылыми қызметкер Жанерке Шайғозова.

«Күлтөбе қалашығынан табылған кейінгі жәдігерлерді ескере отырып, ежелгі жарық шашатын аспаптардың терең әрі жан-жақты зерттеу жұмыстары ғылыми базаны айтарлықтай байытатынына сенімдіміз. Себебі жарықшамдар, құрбан шалынатын орындар, бөлмеге хош иісті түтін шығаратын аспаптардың бәрі де Күлтөбеден табылып жатыр. Міне, сол себепті Күлтөбе коллекциясының артефакттары ары қарай формасы, жасалған материалы, функциялық міндеттемесі жағынан әлі зерттеуді қажет етеді», - деді жобаның ғылыми қызметкері Айсұлу Ержігітова.

Еске сала кетейік «Күлтөбе қалашығының тарихи орындарын реставрациялау» жобасының басты мақсаты – ашық аспан астындағы «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркін ашу. Осы жобаны жүзеге асыру үшін біліктілігі жоғары археологтар мен ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының сарапшыларынан, тарихшылардан, мәдениеттанушы мен өнертанушылардан құралған команда жасақталып отыр. Жалпы жобаның өзі заманға сай технологияларды пайдаланып, ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу жағынан Қазақстандағы қазіргі жобалардан айтарлықтай ерекшеленіп отыр.

Жарық шашатын шырағдан аспабы. XVIII-XIX ғ.


Жарық шашатын шырағдан аспабы. XVIII-XIX ғ.

Шырағдан – керамикалық жарықшам. Балшық. X ғ.

Шырақ – керамикалық жарықшам. Балшық, әшекей. X-XII ғ

Бөлмеге хош иісті түтін шығаратын керамикалық аспаптың тағаны. Балшық. X-XII ғ.

Шойын жарықшам. XIX ғ.

Қола жарықшам. XIX ғ.


Соңғы жаңалықтар