«Күлдір-бүлдір» жобасының екінші маусымы басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең «Балапан» телеарнасында жас көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген «Күлдір-бүлдір» ситуациялық комедиясының екінші маусымы басталады. Әке мен бала арасындағы қызықты оқиғаларға негізделген бұл жобаның басты кейіпкерлерінің өмірде де әкелі-балалы екенін бірі білсе, бірі білмейді. Екінші маусымның тұсаукесері қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі «Күлдір-бүлдірдің» бас кейіпкері Ғалым Махамбетовпен сұхбаттасқан еді.

- Ғалым аға, ұлыңыздың телевизия саласындағы алғашқы қадамы құтты болсын! «Күлдір-бүлдірдің» мұндай табысты бағдарлама болуының сыры неде? Негізгі идеясы қандай?

- Бұл жобаның негізгі идеясы - бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін айшықтау. Қазіргі таңда көптеген әкелердің балаға уақыты болмай жатады немесе жұмыстан шаршап келіп, олармен сөйлесуге мұршасы жетпейді. Тіршіліктің қамы ғой. Бір жағынан қарасаң, жұмыс ешқашан бітпейді. Ал балаң күн санап өседі. Оның тәй-тәй басқанын, ең алғаш сөйлегенін, айналасын танудағы әсерін, тәтті қылықтарын, мінез-құлқындағы өзгерістерді назардан тыс қалдырмаңдар деген жоба бұл. Сюжет күлкілі оқиғалардан құралғанымен, әр серияның айтар тағылымы мол. Мысалы, қартқа күлме, кісінің затын рұқсатсыз алма, бала алдында байыппен сөйле, өтірік айтпа, өз тарихыңды біл, көршіңді құрметте, досыңды сыйла деген тәрбиелік мәні  бар. Ең бастысы, осындай мол тәлім-тағылымды бала теледидар алдында, еш қиындықсыз санасына сіңіре береді.  

- Іріктеуден қалай өттіңіздер? Әке мен баланың рөлге бірден қабылдануы сирек кездесетін оқиға.

- Негізі, бұл жобаға дейін де Расулдың шағын видеоблогын жүргізетінмін. Сол арқылы Инстаграм желісінде таныла бастадық. «Балапан» арнасының ұжымы сол видеоблогты бақылап жүріпті. Олар әке мен баланың қарым-қатынасы туралы отбасылық жоба түсіруді жоспарлап отыр екен. «Іздегенге - сұраған» дегендей, ойымыз бір жерден шықты. Қазіргі таңда «Күлдір-бүлдір» «Балапан» арнасының ең рейтингі жоғары, көрермендердің сұранысына ие, үздік жобасына айналды.

Ораза қабыл болсын!

Публикация от Бауыржан Расул Ғалымұлы (@rasul_show_) Июн 22 2017 в 9:14 PDT

- Жауыр болған бір сұрақ, түсірілім барысында қандай қызықтар болды?

- Түсірілімнің қызығы да, қиындығы да қатар жүрді. Кейде Расулмен жұмыс істеу қиынға соғады, еркелейді, қырсығады. Төрт жасар баланы сөйлету, көңілін табу да оңай емес. Бір қызық оқиға есімде қалыпты, сценарий бойынша Расул ыдыс сындырып алады, ал мен оған ренжіңкіреп сөйлеуім керек. Ыдысты оператор сындырып, жерге шашып тастады. Расулға сөйлейтін сөздерін үйреттік. «Камера, мотор!». «Расул, ыдысты неге сындырасың, байқамайсын ба?» дегенімде Расул операторды көрсетіп, «Мен емес! Ана жігіт қой сындырып тастаған! Неге менен көресің?» деп ренжігені бар. Бұл түсірілімнің ең алғашқы күні еді, Расул түсірілімнің қыр-сырын толық түсінбеген. Мұның  бәрі сценарий екенін, ойын екенін Расулға бір сағат түсіндіріп, ашуын әрең бастық.

- Әлеуметтік желілерде «Күлдір-бүлдір» туралы бірқатар сын да айтылып жүр.

- Біткен іске сыншылар табылады, олардың болғаны да дұрыс. Көпшілігі «жұмыссыз әкеге» тиіседі. Бірақ ол жұмыссыз емес қой. Негізгі идеядан ауытқымау үшін, баланы үнемі әкесінің қасында қалдырамыз. Бағдарламаны үзбей көріп жүрген көрермендер бірден түсінеді. Онда мен асаба, актер, концерт жүргізушісімін, шығармашылықпен айналысамын. Яғни, қатып қалған жұмыс кестем болмаса да, табыс табамын, отбасымды асыраймын. Отанасы өзінің сүйікті ісімен айналысады. Дегенмен, сын мен мінге қарағанда, жағымды пікірлер көбірек айтылып жатқандай көрінеді. Өткенде маған бір әйел хабарласып: «Менің балаларым сенің Расулға нанды бір қолмен үзбе, екі қолыңмен үзіп жеу керек дегеніңді естіп, бір-біріне айтып жүрді. Кейінірек байқасам, нанды екі қолмен үзіп жейтін болды», дейді. Рас, балаға ақыл айтудың да түрлі тәсілерді бар. Дәл осы «Күлдір-бүлдірдің» таңдап алған тәсілі өте тиімді деп ойлаймын. Жеңіл, көз алдыңда түрлі ситуациялық оқиғалармен түсіндіріп береді. Ең бастысы, балаларға өзі құралпы баланы көру қызық. Расулдың да еркелігі, кейбір тентектігі ойдан шығарылған жоқ, ол әрбір 4-5 жасар баланың мінез-құлқында, психологиясында бар, яғни өмірден алынған шынайы көрініс деуге болады.

- «Күлдір-бүлдірдің» екінші маусымы көрермендерге қандай жаңалық ұсынады?

- Екінші маусымда өзгерістер өте көп. Мұнда барлық отбасы мүшелерін қамтып, үлкен бір әулеттің тыныс-тіршілігін көрсетеміз. Яғни, жобаның ортасында Расулдың ата-әжесі келеді. «Атасының баласы», «Әжесінің баласы» деген ұғымдарды қайтадан жаңғырту керек деп есептейміз. Өкінішке қарай, қазір қарттар үйін паналап жүрген қариялар көп. Осының бәрі әке мен бала, ата мен немере арасындағы мейірімнің болмауынан туындап отырған жоқ па?  Мысалы, Расулдың атасымен ойнап, арқасына мініп, еркелеп жүргенін көрген балалар сөзсіз қызығар еді. Бір сөзбен айтқанда, отбасы құндылықтарын насихаттағымыз келеді.

- Инстаграм желісінде Расулдың жеке парақшасын қарап шықтым. 189 мың (!) оқырманы бар. Мұндай танымалдылық Расулдың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына қалай әсер етіп жатыр?

- Танымалдылықтың не екенін Расул әлі түсінбей жүр, мінез-құлқына әсер етті деуге әлі тым жас секілді. Бірақ, ел назарында болып үйреніп қалған, Расул үшін бұл қалыпты жағдай секілді.

- Көз тиеді деп қорықпайсыз ба?

- Қорқамын, әрине. Уайымдаймын. Бірақ, ол жөнінде көп ойлағым келмейді. Кейде анасы екеуміз өз баламызға түкіріп қоямыз. 

- Расулдың түрлі қызықты видеолары аз уақытта-ақ әлеуметтік желілерді шарлап кетеді. Оларды түсіруге арнайы дайындаласыздар ма, әлде кездейсоқ түсірілген жазбалар ма?

- Барлығы еш боямасыз, шын оқиғаларға негізделген. Расул өзінің сөз тапқыштығымен, айтқыштығымен қызық. Сондай қызықты сәттерді түсіріп үлгерсең - үлгердің, үлгермесен кетті. Менің ойымша, 24 сағат бойы Расулды камераға түсіріп жүрсе, соның өзі қызықты бір жоба болар еді. Түсірілім барысындағы қызықтарды да парақшаға жүктеп қойдым.

👰

Публикация от Бауыржан Расул Ғалымұлы (@rasul_show_) Июн 21 2017 в 2:40 PDT

- Ұмытпасам, үш ұлдың әкесісіз. Ұл тәрбиесінде не нәрсеге мән берген жөн?

- Өзім ерте әке атаңдым. Ерте әке болсаң, балаңмен бірге есейесің деп жатады, мен Расулмен жігіттерше сөйлесемін. Содан болуы керек, Расул кейде үлкен адамдарша әңгіме айтады. Екінші ұлым Расулға қарағанда ұяңдау, кенжем әлі кішкентай. Әрине, қажет кезде еркелетемін, тыятын кезде, тыйып отырамын. Отбасыма көп көңіл бөлуге тырысамын және қанша шаршап тұрсам да баланың еркелігін көтеремін.

- Сұхбатыңыз үшін көп рахмет! Сәттілік тілеймін!

Соңғы жаңалықтар