Қуаңшылық: Биыл Жамбыл облысында шабындықтағы шөп өнімділігі 25% төмендеген

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен барлық ауданда шөп жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда бір бау шөп 500 бен 1200 теңгенің арасында сатылды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл көктемгі жауын-шашынның аз болуы мен ауа райының қолайсыздығына байланысты, әсіресе шөлді аймақтарда отырған облыстың бірқатар аудандарында орналасқан егістік алқаптары мен шабындықтарда шөптің өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда 20-25 пайызға төмендеп кеткен.

Оған қоса ауа райының ыстықтығы да аймақтағы шөп бағасының көтерілуіне алып келіп отыр.

Осыған орай мал азығын уақтылы, көрсетілген мөлшерде дайындап алу үшін ішкі ресурстарды толық пайдалану көзделген.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Бірлесіп жасалған істен береке тарқамайды» атты облыс халқына айтқан үндеуінде қажетті шөпті жинап алу үшін ішкі барлық ресурстарды пайдалануды тапсырған болатын.

Яғни, бірінші кезекте мал азығына деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге қамданып, шабындықтардан, басқа сай-саладағы, өзен аңғарларындағы жерлерден шөп дайындауға шақырған болатын.

«Бүгінгі таңда тау аңғарларынан, сай-сала, өзен арналарынан қосымша пішен дайындау жұмыстары басталып кетті. Биыл Сарысу, Мойынқұм және Талас аудандарындағы Шу, Талас және Аса өзендерінің бойындағы өнім өткен жылмен салыстырғанда жоғары болғандықтан, ірі шаруа қожалықтарға шөпті аталған аудандардан орып алу ұсынылды. Бұдан бөлек, кейбір аудандағы шаруалар өз меншігіндегі сай-салаларды халыққа бөліп беріп отыр. Осылайша шөп дайындау жұмыстары Жуалы тағы бір-екі ауданда ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, біздің басқарма тарапынан өткен сенбіден бастап барлық аудан орталықтарында «жем-шөп сату» жәрмеңкесін өткізу қолға алынды», — дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.

Мал азығы бағасының негізсіз шарықтап кетуінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңке барлық ауданда өтті.

Ондағы баға да нарықтағыдан біршама төмен болды.

Атап айтсақ, Мойынқұм ауданына жеткізілген бір бау жоңышқа – 1000, пішен – 500, бір орама шөп (рулон) – 3500 теңгеден өткерілді.

Жалпы жәрмеңкеге 1600 бау пішен, 1000 бау жоңышқа және 500 орама шөп (рулон) жеткізілген.

Сол сияқты Т.Рысқұлов ауданында өткен жәрмеңкеде 36 тонна жоңышқа, 56 тонна пішен және 28 тонна сабан сатылған.

Сонымен қатар екінші орымның жоңышқасы 1200 теңгеден, пішен – 900, ал сабан — 450 теңгеден өткерілді.

Ал, Меркі ауданында ұйымдастырылған жәрмеңкеде жоңышқа – 1400, табиғи шөп – 900, сабан – 600 теңгеден саудаланды.

Талас ауданында жоңышқаның бір бауы – 1200, пішен – 800, Жамбыл ауданында бір бау пішен – 850 теңгеден айналған.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы бұл жәрмеңкенің алдағы апталарда да тұрақты ұйымдастырылатындығын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар