Куәгер Жаманқұловқа арналған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырылғаны туралы мәлім етті

None
None
АЛМАТЫ. Қазақпарат - Алматы қаласындағы №2 Медеу аудандық сотында режиссер Тұңғышбай Жаманқұловқа қатысты қылмыстық іс қаралуда. Тергеуден белгілі болғаны, Т. Жаманқұловқа «Феникс» кинофильмін түсіруге бөлінген қаражаттың 69 млн. теңгесін жымқырды деген айып тағылды. Соттың бүгінгі отырысында осы іс бойынша «Т.К. TURAN UNIVERSAL BISINESS» ЖШС-нің есепшісі Назгүл Жүнісова түсінік берді.

«2014 жылдың мамыр айында Т. Жаманқұлов «Феникс» кинофильмін түсіру үшін мені «Т.К. TURAN UNIVERSAL BISINESS» ЖШС-нің есепшісі ретінде жұмысқа шақырды. Бірінші транш - 10,5 млн. теңге 2014 жылдың мамыр айында жіберілді. Осы соманың 8,3 млн. теңгесі сценаристің есеп-шотына аударылды. Фильмнің өндірісіне ақша 2014 жылы 15 мамырда түсті»,- деп әңгімеледі куәгер.

Оның айтуынша, Тұңғышбай Жаманқұлов «Феникс» кинофильмінің түсіру тобымен тұрақты түрде жиналыс өткізген. Сол жиналыстарда жұмыс реті талқыланған, сондай-ақ Жаманқұлов түсірушілер тобына тапсырма беріп отырған.

«2014 жылы маусым айындағы басқосуда Жаманқұлов өзіне 6-7 млн. теңге ақша қажеттігін айтты. Мен ол соманың нақты қанша екенін есімде сақтамадым. Ол «Феникс» фильмінің атқарушы продюсері Наталья Юдинаға ақша жинауға тапсырма берді. Бір апта өткен соң, Юдина телефон шалып, маған есеп-шоттан 717 мың теңгені алуды өтінді. Өйткені, оған осы көлемдегі сома жетпеген. Ал ақшаны мен Керімжан Есбаевтың көзінше сейфке салдым»,- деді Назгүл Жүнісова соттағы сөзінде.

Сондай-ақ, куәгер арада біраз уақыт өткенде сейфте 5,2 млн. теңге жиналғанын әңгімеледі. Бұл ақша Тұңғышбай Жаманқұловқа берілген.

«2015 жылы қаңтар айында мен фирманың есеп-шотынан қалған сома - 1,7 млн. теңгені алып, кеңседегі шкафқа салдым. Алайда, ақшаны сол күйінде ұмыт қалдырыппын. Кейін тергеу барысында ол ақшаның қалғаны есіме түсіп, қайта алып, «Т.К. TURAN UNIVERSAL BISINESS» ЖШС-нің есеп-шотына салдым»,- деп түйіндеді сөзін куәгер.

Бұған қоса, Н. Жүнісова «Феникс» фильмін түсіруге қатысты басқа да қаржылық былықтар туралы әңгімеледі.

«Менің білуімше, картинаның режиссері Жәнібековке және редакторы Сұлтановқа қосымша ақы төленді. «Феникске» тартылған әлеуетті жеткізушілер мен қызмет түрлерін ұсынушылардан түскен қаражат бірден қолма-қол ақшаға айналдырылып отырды»,- деді ол.

Әмірлан Әлімжан

Соңғы жаңалықтар