Куәгер: Күлекбаев аудандық ішкі істер басқармасына «Аллаһ акбар!» деп кіріп бара жатты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда теракт ұйымдастырған Руслан Күлекбаевтың ісіне қатысты сот отырысында куәгер Тамара Салихова көргендерімен бөлісті, деп хабарлайды сот залынан ҚазАқпарат тілшісі.

«18 шілде күні менің жұмыс кезегім болатын. Мен сол жерде аудандық ішкі істер басқармасына (Алмалы аудандық ІІБ) қарама қарсы сұлулық салонында жұмыс істеймін. Күндізгі сағат 11-00-дер шамасында тарс еткен дыбыс шықты. Көлік дөңгелегі жарылған шығар деп ойладым. Қарасам, тұрған көліктердің бәрі жылдам кетіп жатыр. Терезеге қарап едім, тарс еткен дауыс қайта шықты. Оның қайдан шыққанын білмедім. Жас жігіттің киімдері қап-қара болды. Аудандық ішкі істер басқармасының алдында көлік тұрды. Ол сол көліктің жанынан өткізу-бақылау бекетіне (КПП) қарата оқ атып жатты. Ол сосын бекеттен өтіп, АІІБ ғимаратының ішіне қарай «Аллаһ акбар!» деп айқайлап кіріп бара жатты. Қаруын аулада да атып жүрді. Жүгірген жоқ. Онда көп болмады, 8-9 минуттан соң шығып, асықпай Қарасай батыр, Досмухамбетов көшелерінің қиылысына қарай беттеді. Оның қолындағы қарудан бәріміз шошып кеттік. «Бізге жақындаса қайтеміз» дедік... Қорыққанымыздан атыс кезінде бәріміз жерге жата қалдық. Жолдан Байтұрсынов жақтан көлік келе жатты, ол соған отырып, тез кетіп қалды», - деді куәгер Тамара Салихова.

Еске сала кетейік, Алматыдағы тергеу абақтысында Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Руслан Күлекбаевтің ісіне қатысты басты сот отырысының екінші күні өтіп жатыр. Істі аталған соттың судьясы Ерлан Болатов жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар