«ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ рекорд орнатты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылы қазақстандық теміржол желісі бойынша 255 млн. тонна жүк тасымалданған.

Бұл былтырмен салыстырғанда 261 мың тоннаға артық. Бұл туралы брифингте «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ Бас директоры Қайрат Сауырбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл соңғы алты жылдағы рекордтық көрсеткіш. Тиелген жүктің үштен бір бөлігі - 82,5 млн. тоннасы экспортқа жөнелтілді. Акционерлік қоғамның негізгі қызметінен түскен табыс 2019 жылы 930 млрд. теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8% көп», - дейді Қайрат Сауырбаев.

Ол ұлттық тасымалдаушы тұрғындар мен коммуналды-тұрмыстық кәсіпорындарға көмір мен астық сияқты әлеуметтік маңызы бар жүктерді тасымалдау жоспарын жыл сайын толық көлемде орындайтынын айтты.

«Тасымалдаушы мен қазақстандық вагон иелерінің, атап айтқанда «Қазтеміртранс« АҚ мен «Астықтранс« АҚ көмір мен астық тасымалына қатысты өтініштерді 100% орындады», - дейді ол.

Бас директор 2020 жылы неге басымдық берілетініне тоқталып өтті.

«Биыл ҚХР темір рудасын, астық пен бұршақ дақылдарын, Орталық Азия елдеріне бағытталған құрылыс жүктерін, цементті экспорттау және транзит өсімі есебінен тиеу көлемін 2,5% арттыру көзделіп отыр. Қазақстандық көмірді Өзбекстанға және ҚХР арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тиеу артады деп жоспарлануда», - дейді Қайрат Сауырбаев.


Соңғы жаңалықтар