ҚР үкіметтік жұмыс тобы кореялық бизнес өкілдерімен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың жетекшілігімен Корея Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы кореялық іскер топтардың өкілдерімен кездесу өткізді. ҚазАқпарат бұл туралы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.


Тараптар қолданыстағы жобалар бойынша бірлескен жұмысты, сондай-ақ Қазақстан-Корея стратегиялық экономикалық және инвестициялық серіктестігін одан әрі дамыту перспективасын жан-жақты талқылады.


Кореялық тараптан 15-ке жуық ірі компания: «Lotte Confectionery», «Medical Partners Korea», «Dongil Construction», «Samsung Electronics», «Daewoo Bus Company», «Mark Point», «POSCO», «SK E&C», сондай-ақ «KHIDI» индустрия және денсаулықты дамыту институтының, «KOTRA» сауданы ынталандыру агенттігі сияқты ұйымдардың басшылығы қатысты.


Кездесу барысында кореялық компаниялардың басшылары қолданыстағы жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісті, Қазақстан экономикасының басым секторлары – құрылыс, тау-кен металлургиясы кешені, ақпараттық технологиялар, энергетика, машина жасау және өзге де салалардағы жаңа инвестициялық жоспарлары туралы айтты. Қазақстандық тарап екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар екенін атап өтті, екіжақты ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктеріне назар аударылды.


Соңғы жаңалықтар