ҚР Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған түркі елдерінің концерттік турнесі Сербияда аяқталды

None
None
КРАГУЕВАЦ. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған «Түркі әлемінің әуендері» концерттік туры Сербияның Крагуевац қаласында музыкалық кешпен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Турнеге түркі әлемінің әртістерімен бірге Қазақстанның шығармашылық ұжымдары – «Ақжарма» фольклорлық-музыкалық ансамблі және «Жорға» халық би ансамблі қатысты.

Түркі әлемі әртістерінің Қазақстан Республикасының 28 жылдығына орайластырылған турын Қазақстан, Мажарстан, Хорватия, Босния және Герцоговина, Сербия елшіліктері ТҮРКСОЙ-мен ықпалдастықта ұйымдастырды. Және ол Мажарстан астанасы Будапешттен басталды. Сапар одан әрі Загреб (Хорватия), Сараево (Босния және Герцеговина), Крагуевац (Сербия) қалаларында жалғасты.

«Түркі әлемінің әуендері» турнесі 16 желтоқсан күні Сербияның Крагуевац қаласында өткен соңғы концертпен аяқталды.

Музыкалық кештер барысында түркі халықтарының ұлттық әндері мен билері паш етілді. Турнеге енген мемлекеттердің аудиториясы алғаш рет қобыз, комуз, канун, саз аспаптарының ерекше үніне қанықты. Қазақ музыкалық номерлеріне «Тойбазар», «Желкілдек» әндері, Құрманғазының «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйлері және өзге де композицялар енді. Маңғыстау облысының «Жорға» және «Ақжарма» шығармашылық ұжымдары орындаған халық әндері мен билерді көрермен ду қол шапалақпен қарсы қалды.

Сондай-ақ өнер сүйер қауым Әзербайжанның «Заманауи музыка ансамблінің», қырғызстандық комузшы Әйгерім Мұхтардинқызының, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы Анкара музыка ансамблінің және түркиялық «CopeArt» музыкалық ұжымының өнеріне лайықты бағасын берді.

Ал вокалшылар - Сируз Мамадлы (Әзербайжан), Асаналы Қашеров, Әйгерім Құлжарасова (Қазақстан) және Жансу Кырджа (Түркия) өз көрермендерін түркі әлемі бойынша ұмытылмас саяхатқа аттандырды.

Соңғы жаңалықтар