​​ҚР СІМ Қырғызстандағы қазақстандық кәсіпорындардың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады

None
None
НҰР- СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қырғыз Республикасындағы қазақстандық кәсіпорындардың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның сайтына сілтеме жасап.

«Қырғыз Республикасындағы қазақстандық инвесторларға тиесілі бірқатар кәсіпорындарға шабуылдар мен оларды басып алу әрекеттеріне байланысты үлкен алаңдаушылық білдіреміз.

Кәсіпорындардың Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын қызметкерлеріне күш жұмсау және осы кәсіпорындардың мүлкін жою туралы қауіп-қатер көрсету фактілері ерекше алаңдатады.
Қазақстандық компаниялар соңғы жылдары Қырғызстан экономикасына 1 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, көрші елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты.
Қырғыз тарапын Қазақстан азаматтарының да, Қырғызстан аумағындағы қазақстандық компаниялардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша дереу шаралар қабылдауға шақырамыз», делінген мәлімдемеде.

Еске сала кетсек, Қырғызстанда 4 қазанда Жогорку Кеңеш депутаттарын сайлау өтті. Ал, 5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, оның соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Шеруге шыққандар Ақ үйді қоршап алды, кейін резиденцияға басып кірді.

Қырғызстанның сайлау комиссиясы Парламент сайлауының қорытындысын заңсыз деп тапты. «Достук» қонақүйінде Жогорку Кеңештің кезектен тыс отырысы өткізіліп, онда Жогорку Кеңеш төрағасы мен Үкімет басшысы сайланды.

Алаңдатарлық жайт, «Кыргызкөмүр» филиалын басып алғандар кассадағы ақшаны иеленіп кетті. Сондай-ақ «белгісіз біреулер қалалық су арнасын басып алуды көздеп отыр» деп «Бішкексууканалы» дабыл қақты.


Соңғы жаңалықтар