ҚР СІМ: Қазақстандағы Ауғанстан елшілігі қызметін тоқтатпайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі Ауғанстан мемлекетінің елшілігі жұмысын жалғастыра береді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тілшілер ҚР Сыртқы істер министрлігіне «Қазақстанда тұрып жатқан Ауғанстан азаматтарының тағдыры не болады? Оның ішінде ел аумағында болу мерзімі бітетін ауған азаматтары мен студенттер де бар», - деген сауал қойды.

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстандағы Ауғанстан елшілігі өз қызметін жалғастырып жатқанын жеткізді.

«Қазақстан аумағындағы Ауғанстан азаматтары еліне оралуға қатысты сұраққа жауапты елордадағы өз елшіліктерінен біле алады. Азаматтар жүгінген жағдайда Қазақстандағы Ауғанстан елшілігі мәселені біздің құзырлы органдармен бірлесіп қарастырады. Ал Қазақстан аумағында ресми қызмет етіп немесе білім алып жатқан ауған азаматтары жұмысы мен оқуын жалғастыра береді», - деп жауап берді А. Смадияров.

Сонымен қатар, министрлік өкілі Ауғанстандағы мәселеге қатысты сұрақтардың жауабын елшілік қызметкерлерінен білуге болатынын айтты.

Бұған дейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстан ауған босқындарын қабылдауы мүмкін деген қауесетке қатысты түсініктеме берген еді. Сондай-ақ, Ауғанстан аумағында қалып, елге қайтқысы келген қазақстандықтардың қайда хабарласуы керектігі айтылды.



Соңғы жаңалықтар