ҚР СІМ елшісі: Ақтау саммиті теңіз маңындағы елдер ынтымақтастығын арттыруға жол ашады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Каспий маңы мемлекеттер басшыларының Ақтау саммитіндегі қабылданған құжатқа әлемдік деңгейде назар аударыла бастады. Сарапшылардың айтуынша, біраз жылдар бойы талқыланып келе жатқан «Каспий мәселесі» бойынша жағалай қонған бес ел конструктивті ынтымақтастықты қолдайтынын білдірген. Сонымен Ақтау саммитінің басты қорытынды Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның бекітілгендігі болса, маңызды құжаттың Қазақстан жерінде қабылдауы да имидждік тұрғыдан маңызға ие. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қатысты ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зүлфия Аманжолова «ҚазАқпарат» ХАА пікір білдіріп, құжаттың маңызын түсіндірген болатын.  

*  *  *

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші Каспий саммитінің нәтижесі бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына жасаған мәлімдемесінде Конвенцияға «Каспий теңізінің конституциясы» ретінде баға берді. Бұл теңіз маңындағы елдер үшін ынтымақтастықтың барлық саласында өзара байланыс орнатуға негіз болатын құжат.

Конвенция жағадағы елдердің Каспий теңізін, атап айтқанда, оның суын, түбін, қойнауын, табиғи ресурстары мен үстіндегі әуе кеңістігін пайдалануға қатысты құқықтарымен және міндеттерімен байланысты мәселелердің жиынтығын реттейді. Айдынды бөлу мәселесінде нақтылық енгізілді. Ені 15 теңіздік мильден тұратын аумақтық сулар белгіленді. Олардың сыртқы шекаралары мемлекеттік дәрежеге ие болады. Аумақтық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары жалғанды. Бұл жерде әр мемлекет кәсіппен айналысуға құқылы. Балық аулау ісі келісілген ұлттық квоталар негізінде жүргізіледі. Балық аулау аймағынан тысқары жерлер жалпы су кеңістігі болып қала береді. Ал жағадағы елдердің туымен жүрген кемелер үшін мемлекеттік теңіз шекараларынан тыс аумақтарда суда жүзу еркіндігі қарастырылған.

Президенттер Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияда көрсетілген ережелерді орындау мақсатында Сыртқы істер министрліктеріне нақты міндеттер қоюға келісті. Сондай-ақ, министрліктерге Каспий теңізі мәселелеріне қатысты жоғары деңгейдегі топ құруға тапсырма берілді. Каспий теңізінде бастапқы тікелей сызықтарды орнату әдіснамасы жөніндегі Келісім жасап, оны мақұлдау бұл топтың алдағы міндетіне кіреді.

Бұдан бөлек, мемлекет басшылары Каспий теңізінде сенім шараларын жасау қажеттілігі жөнінде уағдаластыққа да келді. Бұл өңірде тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етудің жалпы мақсаттарының бірі болуы керек. Каспий маңы елдерінің президенттері келісім жүргізілген жағадағы елдердің командаларына Каспий теңізіндегі биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдыруға қарсы іс-қимылға бағытталған Келісім бойынша жұмыстарды аяқтауды міндеттеді.

Саммит кезінде қол қойылған маңызды құжаттардың қатарына Каспий маңы елдерінің сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Келісім мен көлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Келісімді атап кетуге болады.

Қазақстан үшін аумақтың периметрлі бойынша өз мемлекеттік шекарамызды анықтағанымыз маңызды. Яғни Конвенцияға қол қоймас бұрын Қазақстанның заңға сәйкес рәсімделген құрлықтық шекарасы болса, Конвенция Қазақстанға теңізге қатысты егемендік құқығын береді.

Біздің мемлекет Әлемдік мұхит пен ашық теңізге шыға алмайтын құрлықішілік ел болып табылады. 1965 жылғы Құрлықішілік мемлекеттердің транзиттік саудасы жөніндегі Конвенция мен 1982 жылғы БҰҰ-ның Теңіздік құқық туралы Конвенциясы сынды халықаралық әмбебап құжаттар осындай мемлекеттер үшін Әлемдік мұхит пен ашық теңізге шығуға транзиттік еркіндік құқығын анықтап берген. Аталмыш конвенцияға Каспий теңізі жағасында орналасқан мемлекеттердің түгелі қатыспағандықтан, бізге Әлемдік мұхитқа шығу құқығын бекіту қажет болды.

Біз жағадағы барлық мемлекеттер Әлемдік мұхит пен ашық теңізге Каспий теңізінен, ал кері қайтқанда бір-бірінің аумақтары арқылы еркін транзит жасау туралы келісімге қол жеткіздік. Аумақтары арқылы кабельдер мен құбыр желілері созылып жататын елдермен келісім жасасу арқылы Каспий теңізінің түбіне магистральдық құбыр желілері мен кабельдерді тарту әлемдік нарыққа көмірсутекті жеткізу жолдарын әртараптандырудың келешектегі әлеуетін арттырады.

Каспий түбін жер қойнауын пайдалану ісіне бөлу мәселесіне келер болсақ, құжатқа сәйкес, әр мемлекет өз шекарасына жер қойнауын пайдалануға қатысты еркіндік құқығын пайдаланады. Қазақстан белгілі бір елдермен бұл бағытта біршама жұмыс атқарып тастағандықтан, мәселені нақтылап алу керек. Мен бұған дейін айтқанымдай, қазіргі таңда Каспийдің жер қойнауы мен түбінің солтүстік және орталық бөліктері аумақтарға бөлініп қойды. Қазақстан 1998 жылы Ресеймен сәйкес келісім жасасты, ал 2002 жылы оған қосымша хаттама толтырған болатын. Сондай-ақ, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы теңіздің түбін бөлу туралы мәселе 2001 жылғы Келісімде және 2003 жылғы сәйкес хаттамада көрсетілген.

Сонымен қатар, Қазақстан-Ресей-Әзербайжан арасында 2003 жылы Каспий теңізі түбінің іргелес бөліктерін бөлу сызығының түйісу нүктесі жөнінде Келісімге қол қойылған.  Қазақстан мен Түрікменстанның теңіз түбін белгілеу  жөніндегі уағдаластығы 2014 жылғы Келісімде бекітілген. Біздің мемлекет Әзербайжанмен және Түрікменстанмен үш жақты форматта теңіз түбін бөлу сызығының түйісу нүктесін анықтағаннан кейін Каспий теңізінің жер қойнауларын пайдалануға еркіндік құқығын заң жүзінде рәсімдеу ісінің аяқталғанын растай алады.

Бұдан бөлек, табиғи ортаны қорғау мәселелеріне де база назар аударылған. Келісім жасасудың алғашқы кезеңінде тараптардың бұл мәселелер бойынша позициялары ұқсас болды.  Бұл экологиялық аспектілерге қатысты ережелерді біршама уақыт бұрын реттеуге мүмкіндік берді. Тараптар 2003 жылы Каспий теңізінің табиғи ортасын сақтау мәселелеріне қатысты әдіс-тәсілдердің негізінде Каспий теңізінің қоршаған табиғи ортасын қорғау жөнінде Негізгі Конвенцияға қол қойды. Оның атауы - Тегеран конвенциясы болды. Ақтау конвенциясына сәйкес, Каспий теңізінде биоалуантүрлілікке зиян тигізетін кез келген қызметке тыйым салынған.

Сондай-ақ, тараптар Каспий теңізінде ғылыми зерттеулер жүргізу тәртібі жөнінде келісті.

Соңғы жаңалықтар