ҚР СІМ басшысы Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастық бойынша БҰҰ отырысында сөз сөйледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясы аясында кедейлікті азайту және Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы бойынша БҰҰ жоғары деңгейдегі отырысына бейнеконференция режимінде қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға БҰҰ мүше-мемлекетер сыртқы саяси ведомстволарының басшылары және БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары қатысты.

Сөз сөйлеу барысында қатысушылар пандемияның жағымсыз салдарының бірі ретінде кедейлік шегінен төмен өмір сүретін адамдар санының едәуір көбеюін атап өтті. Бұл «Оңтүстік» елдерінің 2030 жылға дейінгі тұрақтың дамудың жаһандық күн тәртібінің мақсаттарына жету жолындағы соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктерін жою мүмкін.

Осыған байланысты М.Тілеуберді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы мамырда БҰҰ-ның дамуды қаржыландыру жөніндегі форумында жариялаған денсаулық сақтау саласына инвестицияларды ұлғайту және аймақтық даму жобаларын іске асырудың орнына қарыз ауыртпалығын азайту сияқты инновациялық ұсыныстарына назар аударды.


Қазақстан Оңтүстік-Оңтүстік форматындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша жаһандық күш-жігерді толықтай қолдайды. Соңғы 20 жыл ішінде еліміз негізінен Орталық Азия мен Ауғанстанның экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған 500 млн АҚШ долларынан астам сомаға дамуға ресми көмек пен гуманитарлық көмек көрсетті. Бұл жұмысты жүйелендіру үшін KazAID арнайы ұлттық агенттігін құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастық дамушы елдер арасында білім, білік, тәжірибе және ресурстармен алмасуды көздейді. Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және техникалық салаларда екіжақты, аймақтық және аймақаралық негізде жүзеге асырылады.


Соңғы жаңалықтар