ҚР Президентінің Германияға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа оң әсерін тигізді – Гюнтер Кнабе

None
None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Орталық Азия елдеріне маманданған неміс саясаттанушысы Гюнтер Кнабе Қазақстан Президентінің Германияға ресми сапары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев 5-6 желтоқсанда Берлин қаласында ГФР басшысымен, белгілі неміс саясаткерлерімен және бизнес өкілдерімен кездесті.

«Берлин Еуразиялық клубында Қасым-Жомарт Тоқаевтың неміс бизнесмендерімен кездесуі сәтті өтті», - деп жазды Гюнтер Кнабе «ҚазАқпарат» ХАА-ның сұрау хатына.

Жұма күні Берлин Еуразиялық клубының 28-ші отырысында Мемлекет басшысы неміс бизнесі үшін ерекше жағдай жасалғанын мәлімдеген болатын.

«Отырысқа қатысқан 400-ге жуық адамның көпшілігі – неміс кәсіпкерлері. Олар ел Президентінен бүгінгі Қазақстан туралы, Германияның экономикалық мәселелері мен мүмкіндіктері туралы ақпарат алды», - деп атап өтті саясаттанушы.

Қазақстан басшысы неміс бизнесін ел экономикасына салынатын инвестицияны арттыруға шақырды.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесулері Германияның Қазақстандағы алдағы экономикалық қызметіне айтарлықтай оң әсерін тигізеді», - дейді сарапшы.

Екі күндік сапар барысында жалпы сомасы 2,4 миллиард долларды құрайтын 30 қазақ-герман экономикалық құжатына қол қойылды.

«Германия экономикасы Қазақстанның маңызын мойындайды және оған артып келе жатқан қызығушылықты көрсетеді», - деп сөзін қорытындылады сарапшы.

Автор: Тимур Дүйсекеев

Фото: www.dw.com
Соңғы жаңалықтар