ҚР Президентінің ерекше өкілі ретінде ИЫҰ саммитіне Бейбіт Атамқұлов қатысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов 31 мамыр -1 маусым аралығында Мекке қаласында өтетін Ислам ынтымақтастық ұйымының XIV саммитіне қатысады. Бұл туралы бүгін өткен брифинг барысында ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоғары деңгейдегі форумға мемлекет және үкімет басшылары, Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің 56 сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Ислам даму банкінің басшылығы келетіні күтіледі. Қазақстанның Сыртқы істер министрі аталмыш басқосуға ҚР Президентінің ерекше өкілі ретінде қатыспақ.

«Саммит қарсаңында делегация басшылары қол қойятын Қорытынды коммюнике мен Палестинаға қатысты резолюция мәтіндерін талқылайтын Аға лауазымды тұлғалар және сыртқы істер министрлерінің отырыстары жоспарлануда. Сондай-ақ саммиттің күн тәртібіне палестиналық мәселе, Аль-Кудс Аль-Шариф мәртебесі және Таяу Шығыстағы бейбіт келіссөздерге қолғабыс көрсету, халықаралық терроризммен, исламофобиямен күресу, кедейшілікті жою және Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердегі тұрақты дамуды қамтамасыз ету мәселелері енетін болады», - деді А.Смадияров.

Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бейбіт Атамқұлов аталған тақырыптардан бөлек, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Исламдық татуласу, Ислам ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі ғылыми-технологиялық әлеуетті және азық-түлік қауіпсіздігін дамыту секілді бастамаларын іске асырудағы алдағы қадамдар, сондай-ақ жуырда Бейжің қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумы барысында таныстырған «Үш Д» жаңа бастамасы сияқты негізгі мәселелер жөнінде айтатын болады.

Соңғы жаңалықтар