ҚР Президенті: Қазақстан үшін Қытай нарығы - үлкен мүмкіндік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайды Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің нарығына тауарларымызды шығаруға мүмкінік беретін транзиттік аймақ ретінде қарастырамыз. Бұл туралы «МИР» телеарнасына сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Қытай Халық Республикасымен жаңа өзара тиімді қарым-қатынас құруға ниетті. Қазақстандық «Нұрлы жол« бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолы« экономикалық белдеуі стратегиясы көп жағдайда түйіседі және тұспа-тұс келеді деуге де болады. «Жібек жолы« экономикалық белдеуін құру идеясы 2013 жылы Қытай көшбасшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары барысында алғаш рет айтылған еді. Өткен жылдың күзінде Бейжіңге сапарым барысында төраға Си Цзиньпинмен сауда байланыстарымызды кеңейту тақырыбына үлкен назар аудардық. Бүгінгі күні Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі және эконимикалық серіктесі саналады», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің дерегінше, екі елдің арасындағы тауар айналымының көлемі шамамен 14,5 млрд долларды құрайды. Соңғы жылдары да тауар айналымы екі мәнді сан төңірегінде болып отыр. 2018 жылы өсім қарқыны 11,5, ал 2019 жылы 23 пайызға жетті.

«Қазақстан үшін Қытай нарығы үлкен мүмкіндік береді. Мұны қазір ғана айтып өттім. Қытай қазақстандық энергия ресурстардың дәстүрлі тұтынушысы саналады және соңғы жылдары терең өңделген қазақстандық тауарлар жеткізілімі артып келе жатқаны байқалады. Біздің шығыстағы көршіміз Қазақстанның экологиялық таза азық-түлік өнімдерін үлкен сұраныспен пайдаланады. Бұған қоса, біз Қытайды Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің нарығына тауарларымызды шығару үшін транзиттік аймақ ретінде қарастырамыз. Қытайдан тауарлар теңіз жолы арқылы Еуропаға 40 және одан да көп күнде жеткізіледі. Ал Қазақстан мен Ресей арқылы құрлық жолымен не бәрі 15 күнде», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының үлесі жалпы тауар айналымының 15 пайызын құрайды. Ал Қытайдан тартылған инвестиция үлесі 7 пайыз болып отыр.


Соңғы жаңалықтар