ҚР Президенті: Германияға сапарымның мақсаты – елдеріміз ынтымақтастығына қосымша серпін беру

None
None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапарының мақсаты – экономикалық ынтымақтастық пен мемлекеттер арасындағы саяси өзара іс-қимылға қосымша серпін беру. Бұл туралы Қазақстан Президенті Германия Канцлерімен болған келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Неміс тарапымен келіссөздер барысында көптеген мәселе талқыланды. Әріптестер өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниет білдірді.

«Менің сапарымның мақсаты – ең алдымен, елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен саяси өзара іс-қимылға қосымша серпін беру», - деді Мемлекет басшысы тілшілер алдында сөйлеген сөзінде.

Германия Қазақстан экономикасына инвестиция көлемі бойынша 12-ші ірі инвестор. Германияның тікелей инвестицияларының жинақталған көлемі шамамен 5 миллиард долларды құрайды.

«Германия экономикалық әлеуеті жағынан әлемдегі төртінші мемлекет болғанымен, біздің елімізге тікелей инвестиция салып отырған мемлекеттердің ішінде 12-орында», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Осыған байланысты Қ.Тоқаев «жақын уақытта бұл жағдай Германияның пайдасына қарай өзгеретіндігіне» үміт білдірді.

«Қазақстан Үкіметі туралы айтар болсақ, біз германиялық инвестицияны экономикамызға тарту үшін бар күшімізді саламыз. Неміс инвесторларына қатысты арнайы ойын ережелері қабылданады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ біздің ел экономиканың стратегиялық салаларында германиялық капиталдың көбірек болуына мүдделі екенін атап өтті.

«Алдағы жақын уақытта біздің экономикамыздың 700-ге тарта ірі, орта және шағын активтерін жекешелендіру өтеді. Және әрине, неміс кәсіпкерлерінің еліміздегі жұмысын құптаймыз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель Қазақстанмен арада берік ынтымақтастықтың орнағанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өзара түсіністікте жұмыс істегенін атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді, сондай-ақ бүгінгі келіссөздердің нәтижелі өткенін айтты.

Еске салайық, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Германияға екікүндік ресми сапары өтуде.

Соңғы жаңалықтар