ҚР Президенті: Алматының инновация бойынша көшбасшы атануға толық мүмкіндігі бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматының инновация бойынша көшбасшы атануға толық мүмкіндігі бар. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында Президент Алматыны дамытудағы маңызды міндеттердің бірі ретінде шетелдік инвестицияларды қорғау екендігіне назар аударды.

Осы ретте Мемлекет басшысы инвесторлардың елімізде бизнестерін жайлы жүргізуі экономиканың табысты дамуына және азаматтардың әл-ауқатына ықпал ететінін ескертті.

– Инвесторлармен дұрыс қарым-қатынас мемлекеттік органдар үшін міндет болуға тиіс. Сондықтан құқық қорғау органдары мен басқа да өкілетті құрылымдарға инвесторлардың жұмысына негізсіз араласуға болмайтынын ескертемін, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз сөзінде қаланың инновациялық саладағы алатын орнын нығайту қажеттігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматының аталған салада көшбасшы болуға толық мүмкіндігі бар. Бұған Инновациялық технологиялар паркінің әлеуеті, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының және венчурлық капиталдың айтарлықтай бөлігінің осында шоғырлануы септігін тигізеді.





Соңғы жаңалықтар