ҚР Мәжіліс депутаты Жапонияның Күншығыс орденімен марапатталды

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония үкіметі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековті Император атынан Күншығыс орденімен марапаттады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА Қазақстандағы Жапонияның елшілігіне сілтеме жасап.

Нұрлан Дулатбеков - Қазақстандағы жапон әскери тұтқындарын зерттеген танымал ғалым. Ол осы тақырыпта үлкен кітап жазған. Соғыс кезінде Қазақстанда тұтқында болған жапондық Ахико Тецуроның өмірі туралы баяндалған «Ақтастан шыққан Ахико» спектаклінің қойылуына мұрындық болған.

Ахико Тецуро Кеңес одағы кезінде Сталин репрессиясының құрбанына айналған. Небары 17 жасында Қарлаг тұтқыны болды. Спасск лагерінде 6 жылын өткізді. Лагерьден босап шыққан соң ол Қарағандының Ақтас деген жерінде тұрақтап қалады.

Кейін Шахтаға орналасады, зауытта дәнекерлеуші боп жұмыс жасайды. Тецуро украин қызы Еленаға үйленіп, одан 4 бала сүйген. 1989 жылы Ахико Тецуро толығымен ақталды. 

Жарты ғасырдан соң ғана Күншығыс еліне барып, туғандарымен көріскен. Жапония үкіметі оған пәтер сыйлаған.  Алайда, онда 3 жыл тұрған соң, Ахико қария Қазақстандағы ауылына қайтып келген.

Еске салайық, былтыр Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры Жапонияға гастрольдік сапармен барып, «Ақтастан шыққан Ахико» қойылымын қойған еді. «Ақтастан шыққан Ахико» қойылымының премьерасы 2017 жылы 21-25 желтоқсан аралығында Токиода өтті.


Фото:vistanews.ru

 
Соңғы жаңалықтар