ҚР Қорғаныс министрі шетелдік әріптестеріне ел әскерінің пандемиямен күрестегі еңбегін баяндады

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Мәскеудегі IX Халықаралық қауіпсіздік жөніндегі конференцияға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференцияны 2012 жылдан бері жыл сайын Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі өткізеді. Оған ҰҚШҰ, ШЫҰ, НАТО-ға мүше елдердің, Таяу Шығыс, Еуропа және Азия елдерінің қорғаныс ведомстволарының басшылары, халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ академиялық топтардың өкілдері мен үкіметтік емес сектордың сарапшылары қатысады. Қазақстан өкілдері форумда жыл сайын өзекті тақырыптарға баяндамалар жасайды.

Іс-шара әскери ведомстволардың өзара қарым-қатынасын нығайтуға, жаңа қауіп-қауіптерге қарсы іс-қимылдың бірлескен жолдарын іздеуге бағытталған.

Конференцияға қатысушылар халықаралық әскери саясаттың, жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің үрдістері мен мәселелерін талқылады. Оларды шешудегі қорғаныс ведомстволарының атқаратын қызметі маңызды.

Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев COVID-19 коронавирус инфекциясымен күресте әскери ведомствоның атқарған жұмысы туралы баяндама жасады. Ол пандемия кезінде елде әскерді пайдаланудың тәжірибесімен бөлісті.

Атап айтқанда, әскери қызметшілер әлеуметтік маңызы бар объектілер мен жолдарды дезинфекциялады. Блокпостарда қызмет етті және елді мекендерді патрульдеді. Азаматтық денсаулық сақтау мекемелеріне көмек көрсету үшін дәрігерлерден құралған бригадалар бөлінді. Әскери-медициналық мекемелер қайта жабдықталды. Әскери-көлік авиациясының күшімен шетелден Қазақстанның азаматтарын әкелді, сондай-ақ әскерлер мен жүктерді тасымалдады. Запастағы әскери қызметшілердің арнайы жиындары өтті.

Аталған шараларға барлығы 13 мыңнан астам әскери қызметші жұмылдырылды. Сарапшылардың айтуынша, халықтың жалпы санына шаққанда жұмылдырылған әскери қызметшілер саны жағынан Қазақстан әлемде бірінші орындардың бірін алады. Бұл қазақстандық армияның коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимылға қосқан елеулі үлесін көрсетеді.

Төтенше жағдай кезеңінде іс-қимылдар нәтижелері бойынша ұйымдастыру сипатында бірқатар шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік әскерлерінің департаменті құрылды. РХБҚ әскерлері, әскери медицина, әскери-көлік авиациясының мүмкіндіктері күшейтілді. «Қос мақсаттағы» компоненттердің мүмкіндіктері артып, олар тек соғыста ғана емес, бейбіт уақытта да сұранысқа ие болды.

Осы орайда, Қарулы Күштер азаматтық қорғаныс органдарының міндеттерін орындады. Елімізде төтенше жағдайлар министрлігі жұмысын қайта бастады.

Конференцияға қатысушылар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі әрекеттерін жоғары бағалады.

Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы Қарулы Күштердегі жеке құрамның денсаулығын сақтауда әскери дәрігерлердің жоғары кәсібилігі мен тиімді жұмысын, сондай-ақ олардың пандемия кезінде короновирусқа қарсы іс-қимылға қосқан зор үлесін жеке атап өтті. Ел әскерінде екпе салу жалғасуда. COVID-19-ға қарсы қажетті деңгейде ұжымдық иммунитет қалыптасты.

Бұдан өзге, сапар аясында генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Мәскеу облысында орналасқан арнайы мақсаттағы әскери бөлімдердің бірін аралады. Министр жауынгерлік даярлықтың барысымен және оқу-материалдық базасымен танысты.


Соңғы жаңалықтар