ҚР Конституциясы күні Арыс қаласында ерекше мерекеленді

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясы күні Арыс қаласында ерекше мерекеленді.

Тұңғыш рет Әл-Фараби алаңында Нұр-сұлтан қаласындағы ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өнерпаздарды бастап келген ҚР Қарулы Күштері Бас штабының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов барша арыстықтарды Конституция күнімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді. Сондай-ақ, мерекелік шараға қала әкімі Мұрат Қадырбек пен кәсіпорын басшылары, ҚР Қорғаныс министрі орынбасары, генерал-майор Б.Құрманбаев пен ҚР ҚК бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Алдабергенов қатысты.

Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Арыс қаласы қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мен Арыс гарнизонындағы əскери бөлім қызметкерлері, Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық сайыстың жеңімпаздары, «Жас сарбаз» жастар қозғалысының Арыс қаласындағы əскери патриоттық клубының мүшелері мен қала тұрғындары да болды. Бейбіт күннің бесігін тербеткен әскери өнерпаздардың әсерлі концерті жұртшылыққа жігер берді. Орындалған әрбір шығарманы ерекше қабылдаған қала тұрғыны өз ризашылықтарын білдіріп жатты.

Мерекелік концерт соңында ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы өнерпаздарына қала әкімі Қадырбек Мұрат Болатұлының ықылас гүлі табыс етілді. Ата Заңның айтулы мерекесі күні ҚР Қарулы Күштерінің Бас штаб бастығының орынбасары, генерал-майор М.Таласов, ҚР ҚР ардагерлері РҚБ Түркістан облысы филиалының төрағасы, запастағы подполковник Б.Алдабергенов, Түркістан облысы Қорғаныс істері Департамент бастығының орынбасары Ж.Кулдербаев Республикалық «Айбын»әскери-патриоттық жиынға қатысып келген арыстық «Барыс» және «Арыс» командаларымен кездесіп, командаға жетекшілік еткен АӘД пәнінің ұстаздары М.Сүйіндіков пен Е.Аймұрзаевты «Қарулы күштердегі қызметі үшін» медалімен марапаттады.

Бұл күні «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының мүшелігіне С.Адамбеков мектебінің 7-сынып оқушысы Қайырбай Юсуф Панабекұлы қабылданып, салтанатты түрде ант берді. Оқушының әкесі Қайырбай Панабек 24 маусымда болған төтенше жағдай кезінде қаза болған еді.

Соңғы жаңалықтар