ҚР Денсаулық сақтау министрі дәрігерлердің әлеуметтік желідегі шағымына жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook парақшасында дәрігерлерге төленетін үстемеақы туралы айтып, олардың шағымына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің құрметті әріптестерім, қымбатты Жанар Мұхамеджанова, Тамара Әмірбекова, Татьяна Борисовна, Гүлнара Хайрина және Айман Оралбаева. Сіздердің мәлімдемелеріңізді жүрегім ауырып отырып оқыдым және сіздердің наразылықтарыңызды түсінемін. Сіздер жүрген COVID-19 жұқтырғандарға арналған стационардағы жағдай сіздерде ғана емес, менде де үлкен сұрақ туындататынын мойындауға мәжбүрмін.

Орталық стационар бірнеше рет инфекциядан өтті, тексерілді және осы инфекцияны емдеу үшін барлық заманауи талаптарға сәйкес оқшаулағыш деп анықталды.

Қазір осы факті бойынша комиссия құрып жатырмын және таяу уақытта бұл оқиғаны шешуге уәде етемін. Дәл сіздердің алдыңғы сапта жүріп, науқастарды өмірін арашалап жатқандарыңызды жақсы түсінемін!

Туыстарыңызды, жақындарыңыз бен балаларыңызды тастап, бүкіл уақытыңызды жұмыс орнында өткізіп жатқандарыңызды да білемін. Мемлекеттік комиссияның жақын арадағы отырысында аурумен күресіп жатқан дәрігерлерге барлық жағдай жасау мәселесін көтеріп, тағы бір назар аудартамын.

Гүлнара, Сіз: «Мемлекет пен кәсіпкерлер қайырымдылыққа бөлген ақшалар қайда кетті?» деп сұрақ қойдыңыз.

Олар түрлі мақсатқа: жеке қорғану құралдарын, дәрі-дәрмек құралдарын, медициналық құралдарды, коронавирусты диагностикалауға арналған тестілерді сатып алуға, біздің азаматтарды «қауіпті» елдерден эвакуациялауға, медицина қызметкерлері мен елдің экономикасын осы қиын кезеңде қолдауға жұмсалып жатыр. Дәрігерлерге көрсетілетін көмек туралы айтар болсақ, мына дүниені нақты айта аламын – ел Президентінің тапсырмасы бойынша таяу күндері эпидемиялық шараларға қарсы тартылған медицина қызметкерлеріне ай сайын үстеме ақы белгіленеді. Барлығыңыз жұқтыру қаупі жоғары адамдар тобына жатасыздар, бұл әрине, ел басшылығын алаңдатып отыр, сіздерді қорғау үшін барлық шаралар жасалуда», - деп жазды министр.

Денсаулық сақтау министрі сыйлықақы беру үшін қаупі бойынша 3 топ белгіленгенін атап өтті.

«Қауіптілігі аса жоғары топ үшін 850 мың теңге көлемінде үстемеақы белгіленді – бұған реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері жатады. Екінші топтағы медқызметкерлердің жалақысына 425 мың теңге қосылады. Үшінші орта топ үшін 212,5 мың теңге үстеме ақы белгіленген», - делінген хабарламада.

Елжан Біртанов аталған санатқа жатпайтын дәрігерлерден көптеген өтініш түсіп жатқанын айтты.

«Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының дәрігерлердің еңбегін ынталандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, біз тізім жасау тетігі және медицина қызметкерлеріне қосымша ақы қалай төленетіні егжей-тегжейлі қарастырылған қосымша бұйрық әзірлеп жатырмыз. Ең алдымен жұқпалы аурулар ауруханаларында жұмыс істейтіндерді, жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатқандарды, сондай-ақ жаңа коронавирус инфекциясына қарсы күреске тартылған барлық медқызметкерлер тізімге енеді.

Барлық шешім ашық түрде, комиссия алдында қабылданады. Өңірлерде комиссия құрамында қоғам және кәсіподақ ұйымдары, «Nur Otan» партиясы, жергілікті атқарушы органдар – денсаулық сақтау басқармасы мен әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері кіреді», - деп жазды министр.

Ол ақпан айында Әлеуметтік медиицналық сақтандыру қоры есебінен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмылдырылған дәрігерлерге екі есе жалақы төленгенін еске салды.

«Президент тапсырмасы бойынша, жұмылдырылған медқызметкерлерге үстемеақы төлеу мақсатында республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Сәйкес бұйрық шыққаннан кейін 5 сәуірге қарай наурыз айы үшін төлемдер төленеді», - деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрі барлық медқызметкерлерді қалауы бойынша коронавирусқа қарсы күресуге шақырды.

«Бүгінде бүкіл әлем сын-қатерге тап болды. Бірақ, біз бірге алға қарай жылжып келеміз, тұрғындарды ауру жұқтырудан қорғау үшін барлық шараларды жалғастырып жатырмыз. Бұл барлығымыз бірлесіп өтетін сынақ. Бізге көмектескісі келетін әріпстестерімізді командамызға қосылуға шақырамын! Ол үшін сіздер облыстағы немесе қаладағы денсаулық сақтау басқармасының кадр бөліміне хабарласуларыңыз керек.

Құрметті әріптестер! Бізге қазір бүкіл ел қарап отыр, қолдау көрсетіп, сенім білдіріп жатқанын ұмытпауымыз керек!», - деп жазды министр.


Соңғы жаңалықтар