ҚР АШМ малдарға аса қауіпті 19 ауруға қарсы екпе жасайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылы ауыл шаруашылығы малдарына аса қауіпті 19 ауру түріне қарсы 150 млн екпе жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы малдарының аса қауіпті ауруларының алдын алу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын халықаралық стандарттар бойынша сертификатталған ветеринарлық препараттармен қамтамасыз етеді», - делінген АШМ ақпаратында.

Мәлім етілгендей, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 2019 жылы ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес жануарлардың аса қауіпті 17 ауруына қарсы вакциналарды (оның ішінде құтыру, аусыл, сібір жарасы, оба, пастереллез, туберкуллез, ҰҚМ шешегі, құс тұмауы, нодулярлық дерматит және т.б.) сатып алған. Осылайша, жыл ішінде 140 696 651 жануар мен құсты вакцинациялау бойынша жоспар 100% орындалған.

«2020 жылы жануарлардың аса қауіпті 19 ауруына қарсы 150 млн астам екпе жасау жоспарланып отыр. Тиісті жұмыстар ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында басталады», - деп нақтылады министрліктен.


Соңғы жаңалықтар