Қойшығұл Жылқышиев: Абайды анық білу – арманымыз

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Абайдың ақыл тұңғиығы игертпейді. Оның данышпандығы – өлеңдерінде немесе ғақлияларында төккен зары, айтқан уәжінің дәл бүгінгі күнге дейін ескірмеуінде. Алайда, қазақтың дана тұлғасын толық түсінуге әлі де жылдар керек. Мұндай пікірді Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Аманат» қоғамдық сыйлығының лауреаты, ақын Қойшығұл Жылқышиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Абайды анық білу – арман. Абайдың ақыл тұңғиығы игертпейді.

«Қазағына қамыға қарап тұрған, қату қабақ қайран абыз көз алдымнан кетпейді. Не ішем, не кием дегенді ойламаған, байлығы да, абыройы да біртұтас еліне жетерлік еді. Күмбір қаққан көкірек күрсіністен арылмады. Қу тіршілікті қуып, құлқын үшін құмыға ұмтылған қандастарының қылығына қиналды. Жай жүргенде аңғал, аусар, ал, жау дегенде жанын пида ететін айбарлы да, антына адал, ақжүрек жұртына алды-артын қамдаған абыздық көзбен қарады. Мұны біреу түсінді, біреу түсінбеді…

«Өз қазағын өзі қаралағаны несі?» дейтін дүдәмал сұрақ әлі де бар. «Әке – балаға сыншы» дейтін халық нақылы айдалада қалады мұндайда. Менің анық білгенім – Абай ұлтының әкесі еді. Жаны шыққан, қаны сорғалаған қатал шындық сондықтан да айтылған болатын. Абайдың данышпандығы – оның өлеңдерінде немесе ғақлияларында болсын, төккен зары, айтқан уәжінің дәл бүгінгі күнге дейін ескірмеуінде», - дейді Қойшығұл Жылқышиев.

Ақынның пікірінше, қазақтың мінезін қаптаған жаңа технология мен техникалар, инфрақұрылымдар, киген киім, ішкен ас, алып құрылыстар, айналадағы сан алуан құбылыстар да өзгерте алған жоқ. Абайдай алыпты туған, талай тарландар мен арландарды дүниеге келтірген асыл қанды, мықты қазақтың, мәңгілік қазақтың монумент мінезі қалай толғасаң да өзгермеді. Абай осыны анықтап кеткен. Сондықтан да, ашынып сөйлесе де, асырып айтқан тұсы жоқ.

«Абайды анықтап түсінуге әлі де жылдар керек. Біздің мектептеріміз балаларға Абайды түгел жаттатуға шебер. Меніңше, ақын өлеңдерін әр сыныпта сатылап, шақтап, бірте-бірте оқыту керек. Сонда ғана Абай анықталады, жүрекке қонады. Махамбеттің батырлық, отаншылдық тақырыптағы өлеңдерін қазір келіссін-келіспесін билікке қарсы пайдаланып жүргендер бар. Бұл дұрыс емес. Сол сияқты Абайдың дін жөніндегі айтқанын да заманасының бөлек екенін ескере отырып, пайдалану жөн-ау деймін. Сол кезде ислам арқылы араб әліппесімен бірге қазақ тіліне діни сөздер кіріге бастады. Оны тек сол кездегі сауатты адамдар ғана оқыды. Ал, ақын өлеңдерін талғамай жұтып, жаттап алған табынушылар үшін мұндай сөздерді жете түсінбесе де, тек айтып жүрудің өзі бір «мәртебе» еді. Мұның бір жақсылығы – сол табынушылар арқылы ғана Абай сөздерінің дені болмаса да, біразы осы күнгі қалпында қолымызға тиді. Абай діни ғақлияларын өзінің түбі бір, түсінетін туысқан жұртына арнады. Сондықтан, бұл турасында айтарымыз, «Абайдың өзі осылай деген» деген дәйекті дәлел ретінде анық білмей, оңды-солды көп пайдаланбау керек.

Біз Абайды әлі аша алған жоқпыз. Бұл – «мен бір жұмбақ адаммын» деп тұрған анық Абай. Анық Абайды тарихтан аршып алып жатқан философтар бар. Маған әсіресе, Тұрсын Жұртбайдың талдаулары ұнайды. Кенжеғали Мыржықбайдың терең толғаулы, тебіреністі әндері қандай! Илья Жақановтың романстары ше? Осылар арқылы, өзіміздің өнер шеберлері арқылы данышпан жүрегіне еніп, артына қалдырған мол мұрасын, ақылын анықтай түсетін, оны өзіне сіңіре білетін кезең тек 175 жылдық мерейтоймен шектелмей, алда да жалғасын тапса, анық Абай сонда ғана алдымыздан шығады», - дейді Қойшығұл Жылқышиев.


Соңғы жаңалықтар