Қостанайлық волонтерлер жиырмадан астам отбасына азық-түлік жеткізді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Амангелді ауданының ерікті жастары мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, ауыл ішіндегі қар тазалау жұмыстарына атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Амангелді ауданының жастары аз қамтылған отбасылар мен ардагерлердің үйіне барып, жәрдем тигізуді әдетке айналдырған. Көктем түсе республикалық #Бәріміз_бірге акциясы аясында бұл жұмыс жанданды. Аудан орталығындағы 3 мектептің 1981 жылғы түлектері, аз уақыт ішінде аудандағы 7 отбасыға жақсылық жасады. Олар қайырымдылық эстафетасын Амангелді ауданының 1980 жылы туылған түлектеріне жолдап, сауапты шара жалғасын тапты.


«Негізі #Бәріміз_бірге акциясы аясында аудан әкімі Әмірхан Асанов ер азаматтарға ұсыныс тастап, су тасқынының алдын алу мақсатында қар тазалауға шақырған болатын. Біздің жастар осы ұсынысты қолдап, тыл ардагерлеріне, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі, көмекке мұқтаж жандардың ауласын қардан тазартып, азық-түлікпен жәрдемдестік. Б. Қолдасбаев орта мектебінің ер азаматтары 5 отбасына барып, волонтерлік қызмет көрсетті. Осы аталмыш акцияға барлық мектеп, мекеме ұжымдары бір кісідей атсалысты», - деп атап өтті аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары.

Аудан волонтерлері әзірге 18 отбасына азық-түлік жеткізіп, қар тазалау жұмыстарына көмек берді.


Соңғы жаңалықтар