Қостанайлық кәсіпкер балаларға ойын алаңын салып берді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Облыс орталығынан шалғайдағы Қамысты ауданының Қарабатыр ауылында балаларға арналған ойын алаңы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүлдіршіндерге мұндай сыйлықты «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС директоры Марат Құдайқұлов тарту етіп отыр. Оның сөзінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы бағыттарды іс жүзінде көрсетудің маңызы зор.

«Серіктестігіміздің негізін қалаған әкем Жәзит Кәрімұлы ауылдің еңсесін тіктеп, шаруашылықты көтерумен қатар, елді мекен ішін абаттандыруға көп күш салды. Жастардың спортпен шұғылдануы, өнер-мәдениет салаларына бет бұруына жағдай жасаумен бірге балаларға да көп назар аударатын. Біз де ол кісінің салған жолын жалғастырып, бүгін кішкентай балғындарымызға сый ретінде осындай ойын алаңын салып бердік», — дейді Марат Құдайқұлов.

Ойын алаңы кеңес заманында салынған даладағы бассейннің орнында бой көтеріп отыр. Ұзындығы – 35, ені - 18 метрлік аумақ ішінде заманауи сырғанақтар, тор арқанмен жүру, өрмелеуіш, әткеншек, басқа да сергуге арналған ойын нысандары бар. Алаң сырты қоршалып, астына жасанды көгал төселген. Жалпы құны 7,5 миллион теңгенің құрылыс жұмыстарын елордалық «МАФ» компаниясы орындапты.

Салтанатты шарада сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұзақбай Аманбаев, ауыл әкімі Бейбіт Міндәулетов мұндай игілікті іс Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында алға қойған үлкен жауапкершіліктің бірі – жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналған «Туған жер» бағдарламасына зор үлес қосу дейді.

Бұған дейін Қарабатыр ауылында «Ақбота» балабақшасы, көп пәтерлі тұрғын үй, мәдениет сарайы қатарлы әлеуметтік маңызы бар нысандар көпшіліктің игілігіне берілгенін айта кету керек.

Соңғы жаңалықтар