Қостанайлық ата-аналарға аутизм сырқатының белгілері туралы айтылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік аутизм туралы ақпаратты тарату күні аясында Қостанай емханаларында жас ата-аналарға балаларға аутизм белгілері туралы буклеттер мен флаерлер таратылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін облыс орталығындағы емханалардың педиатрия бөлімшелеріне аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары шақырылды. Дүниежүзілік аутизм туралы ақпаратты тарату күні аясында «Stop autism» және «Радуга» қоғамдық бірлестіктері облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық әкімдіктің қолдауымен бірқатар іс-шаралар өткізді.

«Аутизм: танысайық» ақпараттық-түсіндіру акциясына осы сырқатпен ауыратын балалардың ата-аналары мен дәрігерлер жұмылдырылды. Акция барысында дәрігерлер аутизм ауруына шалдыққан баланы қалай анықтауға болатындығын, онымен қалай жұмыс істеу керектігі туралы, қалай тәрбиелеу қажеттігі жайында жан-жақты айтып берді.null

«Бұл сыртқатқа ұшыраған баланың сөйлеу қабілеті кенжелеп қалады. Сырқат бала айтқан сөзді бірден ұға қоймайды, тіпті не істеп, не қойғанын да білмейді. Кей жағдайда сұрағанын бермесең, өз-өзін ұрғылап, денесін тістелейді. Әрі аутизмге шалдыққан балалар дені сау қатарластарымен де бірге оқып, білім ала алмайды. Себебі, сау бала игеретін тақырыпқа ол бір не екі күн жұмсауы мүмкін. Сондықтан, осындай сырқат балалардың жаңа заманға сай коррекциялық көмек беретін арнайы мектептерге зәру екендігі де жасырын емес», - дейді «Stop autism» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Шынар Жалмұхамбетова.

Жалпы, Қостанай өңірінде 154 бала аутизммен ауыратындар есебінде тұр. Мамандардың сөзінше, бұдан бөлек, есепке алынбағандары да болуы мүмкін. Өйткені, көп жағдайда мұндай сырқатқа шалдыққан балалардың ата-анасы оларды қоғамнан оқшаулап, көрсетпеуге тырысады.

«Мұндай қадам мүлде дұрыс емес. Ата-ана мұны жақсы түсінуі тиіс. Сырқат бала кез келген сау отбасында да өмірге келуі мүмкін. Сол себепті, баланы қоғамдық өмірден аластатуға болмайды», - деп есептейді психолог Гүлнұр Нұрғали.

Бүгінгі кездесу аясында аутизм дертінің себеп-салдары сөз болды. Мамандар сырқат біліне бастаса, бірден психолог, психиатр, логопед сияқты мамандарға көрсету керектігін ескертеді. Егер сырқат балаға дер кезінде медициналық көмек көрсетілсе, оның ойлау және сөйлеу қабілетін әлдеқайда жақсартуға да мүмкіндіктің мол екендігі дәлелденген.

Айта кетейік, 7 сәуір күні Қостанайда «Шексіз әлем!» атты қайырымдылық автошеру өтеді. Бұл шараға аутизм диагнозы бар мүгедек балалардың ата-аналары мен «10 өңір» тобының автоәуесқойлары қатысады. Шараның мақсаты - аутизм туралы ақпараттарды тарату, аутизмі бар балалар проблемасына жұртшылықты тарту және аутизмі бар балалармен сабақ өткізу үшін қажетті сенсорлық жабдықтар сатып алуға арналған қайырымдылық қаражат жинау.

Соңғы жаңалықтар