Қостанайда жұмыртқа бағасы күрт қымбаттады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында жұмыртқа бағасы бірден 70-80 теңгеге қымбаттап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай тұрғындары жұмыртқаның қымбаттауын елді мекендердегі карантин мен Арқалықтағы құс фабрикасының уақытша жабылып қалуымен байланыстырады. Себебі, қыркүйек айында сауда орталықтарында «Жас қанат» фабрикасынан шығатын 1-санаттағы 10 дана жұмыртқа 280-285 теңге тұрса, қазіргі бағасы 360-370 теңгеге жеткен. Айта кетейік, Қостанай облысында құс тұмауы тараған 8 елді мекенде карантин жарияланды .

«Қостанай қаласының орталық базарында да осы жағдай. Жұмыртқаның іріктелген, жоғары сұрыпты түрлері соңғы апта ішінде бірнеше рет көтерілді. Бұрынғыдан 60-70 теңгеге өсіп кеткен. Ауылдар карантинге жабылды ғой. Бағаның өсуі содан болуы тиіс», - дейді қала тұрғыны Гүлнұр Мейрамқызы.

Ал Қостанай қалалық әкімдігінің өкілдері бұл жағдай жұмыртқаның қымбаттауына әсер еткен жоқ деп отыр.

«Жұмыртқа бағасы аса қатты қымбаттаған жоқ. Қазір тұрақтандыру қорында белгіленген жұмыртқа бағасы 270-280 теңгенің төңірегінде. Ал нарықтағы бағаның аздап өсуіне басқа жағдайлар ықпал етіп отыр. Қазір құстың жемі қымбаттады, коммуналдық қызмет бағасы өсті. Бұған құс тұмауының қатысы бар деп ресми түрде айта алмаймыз. Бағаны тұрақтандыруда ауылшаруашылығы жәрмеңкесінің маңызы зор. Қостанайда 17 қазанда жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз. Сол кезде 10 дана жұмыртқа 270 теңгеден сатылатын болады», - деді Қостанай қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Илона Тимошенко.

Еске сала кетейік, бүгін Арқалық қаласындағы қала құраушы кәсіпорын «Агроинтерқұс» ЖШС жұмысын уақытша тоқтатты .


Соңғы жаңалықтар