20:13, 03 Сәуір 2020 | GMT +6
Қостанайда жолаушыны автобусқа маскасыз кіргізбеген жүргізуші соққыға жығылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай тұрғыны маска тағуды талап еткен автобус жүргізушісін соққыға жықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қостанай облысы әкімдігі жанындағы ақпараттық штабтың мәліметіне сүйенсек, оқиға бүгін таңертең болған.
«№11 маршрут автобусының жүргізушісін жолаушы соққыға жыққан. Жүргізуші жолаушыны маскасыз автобусқа кіргізбеген және шығуды өтінген. Алайда жас жігіт талапты елемеген. Маска тағуын талап еткен жүргізушіні ұрып-соғып, автобустан қашып кеткен. Оқиға туралы 102 пультіне хабар түсті. Полиция құқық бұзушыны іздеп жатыр»,- дейді штабтағылар.
Қазір осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен тергеу басталды.
Қостанай облысы әкімдігі жанындағы ақпараттық штаб төтенше жағдайлар режимін сақтау бойынша талаптарға түсіністікпен қарауды сұрайды.