Қостанайда сапасыз қызмет көрсеткен жылу компаниясы 2,9 млн теңге айыппұл төлейді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Жоспардан тыс тексеру нәтижесі негізінде «Қостанай жылуэнергетика компаниясы» МКК әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап.

Комитеттің Қостанай облысы бойынша департаменті облыс орталығы тұрғындарының ұжымдық өтініші негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижесінде «Қостанай жылуэнергетика компаниясы» МКК жылумен жабдықтау қызметін сапалы көрсету талаптарын сақтамағаны анықталды.

«Электр стансасы мен желілерін техникалық пайдалану ережелеріне сәйкес, жылу желісіне келіп түсетін су температурасының ±3%-ке дейін ауытқуына жол беріледі. Алайда, кәсіпорынның жылу энергиясын беру ауытқуы 10%-ке дейін жеткен. Бұл пәтердегі ауа температурасының төмендеуіне және ыстық сумен жабдықтау жүйесіндегі температураның жеткіліксіздігіне әкелді. Осыған байланысты табиғи монополия субъектісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 164-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды» деп хабарлайды комитет.

Әкімшілік іс Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік сотын берілді. Сот «Қостанай жылуэнергетика компаниясына» 2 969 120 теңге көлемінде айыппұл салды.


Соңғы жаңалықтар