Қостанайда қылмыстық жазасын өтеп жатқандар туғандарын Отбасы күнімен құттықтады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында жазасын өтеп жатқан ер адам өзінің жақындары мен туыстарын Отбасы күнімен құттықтап, оларға домбыра тартып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотталған Н. домбырада бұрыннан ойнайды. Ол өзінің жақындарын осындай ерекше жолмен мерекемен құттықтағысы келген. Өйткені туыстарымен кездесу ылғи мүмкін бола бермейді. Ал домбырамен ол бір жағы жақындарын қуантады, екінші жағынан жадында қалған күйлерді тағы бір жаңғыртудың жақсы мүмкіндігі.

«Домбыраның үнін қатты ұнатам. Музыка маған қиындықтарды еңсеріп, өмірге деген көзқарасымның оң болуына ықпал етіп келеді. Мен бостандықта жүргенімде домбыра тартқанымды туғандарым ерекше ұнататын. Сондықтан бүгінгі сый оларға тағы бір қуанышты сәт сыйлады деген ойдамын»,-деді жазасын өтеуші.

Ведомствоның хабарлауынша, сотталғандарды туған-туыстарының қолдауы олардың түзелуіне, одан әрі қоғам өміріне белсене араласуына ықпал ететін мықты факторлардың бірі.

Қоныс колониясында осы күні Отбасы күніне арналған тағы да бірқатар шаралар өтті.

Мекеме басшылығы салтанатты жағдайда сотталғандарды құттықтап, оларға отбасылық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ осы күні сотталғандар өздерінің жақындарын онлайн байланыс арқылы құттықтады.


Соңғы жаңалықтар