Қостанайда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 8,4% артты
Бүгін Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен КВИ-дің таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті.
«Мониторинг топтарының жұмысы қаралды. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап мониторинг топтары 2 661 рейд өткізді, 122 карантин талаптарының бұзылу фактісі анықталды. Өкінішке қарай, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны байқалады. Сонымен, өткен аптада аурушаңдық (13-19 қазан аралығында – 735 жағдай) алдыңғы аптамен салыстырғанда (6-12 қазан аралығында – 678 жағдай) 8,4% артты. Қазіргі уақытта төсек-орындар жүктемесі 39% құрайды. 643 адам ем қабылдап жатыр, 1 қазанда 600 адам болған еді, өсім - 7,2%», - деп хабарлады А.Мұхамбетов өзінің Instagram парақшасында.
Өңір басшысы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауын халықты вакциналау көрсеткіштерінің төмен болуымен байланыстырады.
«Қазіргі уақытта вакцинаның бірінші компонентімен 324,3 мың адам немесе халықтың 64,2% екпе егілді. Оның ішінде 300,6 адам немесе 59,5% екінші компонентпен вакциналанған», - деді А.Мұхамбетов.
Еске сала кетейік, бұған дейін аймақта КВИ жұқтырған жүкті әйелдердің саны көбейгені туралы хабарланған еді.
Дәрігер пандемия кезінде жүкті әйелдерге арналған алдын алу шаралары туралы айтқан болатын.