Қостанайда ЭКСПО көрмесінің 11 жобасы жүзеге асырылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде ұсынылған тың технологияларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жалпы алғанда, энергетика министрлігінің сараптамалық тобы «Экспо-2017» көрмесінде ұсынылған 105 шетелдік және 28 отандық технологияны іріктеп алған. Әкімдіктер жұмысқа енгізу үшін 40 технологияны, ұлттық компаниялар 15-ін іріктеп алды.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев төрағалық етті.

«ЭКСПО-2017» көрмесінен соң елімізде жүзеге асыру үшін 105 шетелдік және 28 отандық технология іріктеліп алынды. Жалпы, көрмеге 100 мыңнан астам қостанайлық қатысып, әлемде қолданылып жатқан тәжірибелермен танысып қайтты. Қостанай облысы бүкіләлемдік көрмеге өзінің 4 жобасын ұсынды. Олардың арасында Қостанай машина зауытындағы электромобильдерді құрастыру, органикалық қалдықтарды қайта өңдеу сияқты ірі-ірі жобалар бар», - деді облыс әкімінің орынбасары

Мырзалиевтің айтуынша, биыл Болотов роторлық жел турбинасын, күн аккумуляторларын орнату қолға алынбақ. Негізі, өңірде көрмеде таныстырылған 11 жоба жүзеге асады.  

«Лисаков қаласында көшелердегі жарықтандыру жүйесін ауыстыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Осы бағыттағы жұмыс енді басталды, сондықтан оның экономикалық тиімділігі жылдың соңында белгілі болмақ. Мұнан бөлек, дәл осы қалада германиялық кәсіпорын жылу беру көзіне газ қазандығын орнатады. Осылайша, жаңа қазандық қалаға ай сайын 3,5 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді Мейіржан Мырзалиев.

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Еркін Әбіл айтқандай, оқу орнында пердеше түріндегі күн батареяларын қолдану жобасы бойынша украиндық энергетиктер жұмыс істеуде.

«Президент біртұтас ғылыми-өндірістік және білім консорциумын құру қажеттілігін көрсеткен. Біздің институтта инновациялық, ғылыми технологияларды әзірлеуге бағдарланған білім мен ғылым дамуының жаңа үлгісі жасалды. Біз бұл бағытта 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Барлық факультеттерде студенттік зерттеу топтары құрылды. Студенттердің жобалық-зерттеу қызметін ынталандыру мақсатында жыл сайын студенттік стартаптар байқауы өткізіліп, оны қолдау үшін 1 млн теңге бөлініп отырады», - деді Еркін Әбіл.

Соңғы жаңалықтар