Қостанайда ауыл шаруашылығын субсидиялаудың ашықтығына талдау жүріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау қызметіне талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қостанай облыстық департаментінің директоры Қуаныш Бекбасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі күні еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау қызметін сараптау жүріп жатыр. Аталған салада сыбайлас жемқорлықтың орын алу қаупі басым, сондықтан да тексеру, анықтау жұмыстары қолға алынды. Оның үстіне біздің облыста ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Айтар болсақ, соңғы 5 жылдың ішінде Қостанай облысында ауыл шаруашылығын субсидиялауға 150 мрлд теңгеден астам қаржы бөлінген. Сараптама жүргізу жұмыстарына құзырлы органдар өкілдері мен қатар сала сарапшылары шақыртылды», - деді Қ. Бесбасов онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, сараптама жұмыстары аяқталған соң, оның қорытындысы ашық жарияланады.

«Сараптама жұмыстарының қорытындысы туралы айтуға әлі де ерте. Өйткені, жұмыс жүріп жатыр. Дегенмен қазіргі уақытта субсидия беру саласында жұмыстың ашық жүргізілмейтіні байқалады. Ол туралы бізге кәсіпкерлердің өзі де айтып жатады, әсіресе субсидияны ресімдеу процесінің қиындығын алға тартады. Сол секілді koldau.kz, plem.kz сайттарының қызметіне ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер тарапынан шағымның барын аңғартып отыр. Одан бөлек, субсидия алуда нормативтік актілердің жиі өзгеретіні айтылады, яғни субсидия алғысы келген қарапайым шаруалар толықтырулар мен өзгерістерді ұғып үлгермейді. Біздің мақсат – осы мәселелерге талдау жүргізіп, түйінді шешу. Осы орайда белсенді азаматтарды мәселені бірлесіп шешуге шақырамыз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар