Қостанайда 46 жастағы әйел бастаған топ мал ұрлығымен айналысып келген

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Әулиекөл ауданында 8 жылқы мен 4 сиырды айдап әкеткен ұрылар тобы қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірнеше адамның малын ұрлаған күдіктілерді Әулиекөл ауданының полицейлері ұстады. Аудандық полиция бөліміне өткен жылдың тамыз айынан бастап тұрғындардан мал ұрлығы туралы арыз түсе бастады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бір үйір жылқы мен ірі қара мал жеке шаруашылықтардың аумағынан жоғалып кеткен.

Полицейлер жедел іс-шаралар өткізе бастады. Әулиекөл аудандық полиция бөлімі бастығы Жансерік Хасанов айтқандай, жедел уәкілдер Новонежин ауылында тұратын 46 жастағы әйел бастаған қылмыстық топты анықтаған. Оның құрамында тағы 4 адам болған.

«46 жастағы әйел ұрлықтың схемасын жасаған. Алдымен «Ваз-2107» автокөлігі арқылы ауылдарды аралап, шаруашылықтағы малдарды бақылап алады. Кейін күдіктілердің бірі жайылып жүрген малды арнайы орынға айдап апарған, ал қалғандары малды бауыздап отырған. Полиция қызметкерлері Шилі, Первомай және Диев ауылдарынан ұрланған малдың аман қалғанын жәбірленушілерге қайтарды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - дейді полицияның баспасөз хатшысы Ирина Беженарь.

Қазір ұрылардың үстінен ҚР ҚК 188-бабы бойынша іс қозғалды. Олардың кінәсі дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар