Қостанайда 450 отбасы қоныс тойын тойлады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күнінде Архимед Мұхамбетов қостанайлықтарға жаңа пәтердің кілтін тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған 450 пәтер тұрғындарға тапсырылды. Олардың дені - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылары.

«Юбилейный» және «Әуежай» шағын ауданы тұрғындарының қуанышын бөлісу үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов келді. Ол 250 пәтердің кілтін тұрғындарға өзі табыстады.

«Біздің облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп келеді. Солардың нәтижесі - шағын аудандарда жыл сайын қоныс тойға куә болып жүрміз. Биыл «Юбилейный» мөлтек ауданында 100 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді. Бас мердігер - «БК Строй» компаниясы. Жергілікті атқарушы билік инженерлік-коммуникациялық желілердің сапалы тартылуына барынша атсалысуда. Оған қазынадан 4 млрд теңге қарастырылған. Тек қана қазандықтың өзіне 1 млрд шығындалады. Болашақта осы шағын ауданда 47 көп қабатты жаңа баспана тұрғындарға берілетін болады», - деді А.Мұхамбетов.

«Юбилейный» шағын ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы да екпінді. Жастар сарайы, мұзды-спорттық сарай салынып жатыр. Келесі жылы 1200 балаға арналған мектептің құрылысы басталады. Құны - 3 млрд 200 млн теңге. Бастапқы қаржы 2019 жылы бөлінеді.

Аймақ басшысы «Әуежай» шағын ауданында игілікке куә болғалы отырған 150 тұрғынның қуанышын бөлісуге барды. Мұнда бірден екі баспананың іші жанға толды. №26 және №33 үйлердің құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған еді. Сапалы да сәнді салынған 9 қабатты қос үй өз иелерін тапты. Баспана құны - 1 шаршы метр үшін 140 мың теңге.

Белгілі болғандай, Қостанайда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша келесі жылы тағы 1500 пәтер пайдалануға берілмек.

Соңғы жаңалықтар