Қостанайда 250 литр антисептикті заңсыз сатқандар ұсталды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанайда заңсыз сатылған 250 литр антисептикалық сұйықтық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Армат Қыдырниязовтың айтуынша, антисептикті заңсыз сату бойынша екі факті әшкереленді. Облыс орталығының тұрғындары залалсыздандыру өнімдерін интернет арқылы өткізген.

«Заңсыз сатушылар ақпаратты жарнама сайттарында жариялаған. Олар антисептик затын келісілген орынға әкелді. Сатушылардан құны 195 мың теңге болатын жалпы көлемі 250 литр антисептик тәркіленді. Заң бұзғандар енді әкімшілік жазаға тартылады», - деді Армат Қыдырниязов.

Заңсыз сатушылардың кәсіпкер ретінде тіркеуде тұрмағаны анықталды.

Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Тіркелген антисептикалық өнім Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасына берілді.

Соңғы жаңалықтар