Қостанайда 25 мектеп жөндеуден өтті – әкімдік

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласының білім беру объектілерін аралап, 2020 жылғы күрделі жөндеу жұмысының қорытындысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылы Қостанайда 25 білім беру нысаны жөндеуден өткен. Бұл мақсатта 3,5 млрд теңге жұмсалды, оның ішінде 3,1 млрд теңгеге 7 күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде білім беру саласындағы 1,7 мыңға жуық қызметкердің еңбек жағдайы жақсарған.

Облыс басшысы барған нысан – Қостанайдағы №17 орта мектеп. 1 480 оқушы білім алатын мектептегі асхана, спорт және мәжіліс залдары, кітапхана толығымен жөнделіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ал оқу кабинеттеріне арнайы құрылғылар әкелінді.

3-ші тоқсанда облыс мектептерінде 1-5 сыныптардың 32 кезекші тобы оқиды, ал 9 және 11-сынып оқушылары аралас форматта оқуға кіріскен. Қалғандарында қашықтан оқыту ұйымдастырылды.

«Мектеп жөнделіп, балаларымызға сапалы жағдайлар жасалғаны өте маңызды, кабинеттерде интерактивті жабдықтар мен жаңа жиһаздар пайда болды, бұл оқушыларды тәртіпке шақырып, қажетті заттарды ұқыпты ұстауға үйретеді. Қазір бірінші сынып оқушылары кезекші топтың сабақтарын асыға күтеді» - деп атап өтті бастауыш сынып мұғалімі Роза Зейнекина.

Архимед Мұхамбетов облыстық білім басқармасының басшысына мектептерді жөндеуден өткізудің жоспарын жүйелеп, кешенді түрде қолға алуды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар