Қостанай облысының мектептеріне 15 мың компьютер сатып алынбақ

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Облыстағы 490 мектеп оқу жылының басына дейін жоғары жылдамдықты интернетке қосылатын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Мектептерді компьютермен жарақтандыру үшін жазғы кезеңде бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді. Осылайша, облыстың білім беру ұйымдарының компьютерлік паркін 50% жаңартуға мүмкіндік туды.

«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі үкімет резервінен жалпы сомасы 2,4 млрд. теңгеге 15 мыңнан астам компьютерлік техника бірлігін сатып алуға қосымша қаражат бөледі. Осы ресурстар педагогтер мен оқушылардың компьютерлік техникаға қажеттілігін өтеуге жеткілікті. Қазір мұғалімдер мен оқушыларға 11188 компьютерлік техника бірлігі берілді, оның ішінде 176 педагог оқыту құралдарымен толық қамтамасыз етілді. Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен мобильді интернет модемдері сатып алынуда. Сондай-ақ облыстың барлық 490 мектебі оқу жылының басына дейін жоғары жылдамдықты интернетке (4 Мбит/с-тен) қосылатын болады. Осы мақсатта 2020 жылы 163,5 млн теңге қарастырылды», - дейді өңір басшысы.

Қашықтан оқытудың тәртібін түсіндіру үшін оқу жылы басталғанға дейін балаларға арналған бірыңғай сынып сағаттары өткізіледі. Бұған қоса «Үйде қалай оқу керек», «Киберкультура» атты бірыңғай ата-ана дәрістері ұйымдастырылмақ.

Бұған дейін Қостанай облысында 265 мектеп қалыпты жағдайда жұмыс істейтіні хабарланды.



Соңғы жаңалықтар