Қостанай облысында жабылып қалған екі құс фабрикасы қайта жанданады

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Арқалық қаласы мен Қарабалық ауданында жұмысы тоқтаған құс фабрикалары қайта жанданады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бисимбаевтың айтуынша, Қарабалық ауданындағы «Комсомол» құс фабрикасын қалпына келтіру және жаңғырту бойынша «Poultry-Agro» ЖШС жобасы іске асырылуда. Фабриканың жұмысы 2013 жылы тұралап қалған еді. Ал 2017 жылы ол банкротқа ұшырады. Құс фабрикасының Қарабалық ауданы әкімдігі мен «Қазагрофинанс» АҚ алдындағы қарызы 3 млрд теңгеге дейін жеткен. «Қазагрофинанс» АҚ бұл жобаны іске асыруды 2009 жылы қолға алған. Сол кезде инвестжоба серіктестікке де, мемлекетке де ешқандай пайда әкелмеген. Бүгінде фабриканың барлық мәселелері шешілді.

«Жаңғыртудың бірінші кезеңінде жылына 5 мың тонна бройлер етін өндіру жоспарлануда, өндірістік қуаты 12,5 мың тонна етті құрайды. Жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Фабриканың бүкіл өндірістік құрылымын жаңалауға шамамен 5,6 млрд теңге жұмсалады. Нәтижесінде 260 жаңа жұмыс орны пайда болады», - дейді Тимур Бисимбаев.

Сонымен қатар Арқалық қаласындағы «Агроинтерптица» ЖШС жұмысын қалпына келтіру шаралары қабылданды. Кәсіпорынға қырылып қалған 450 мың құс үшін 482,5 млн теңге өтемақы төленген.

Бұған дейін Арқалық қаласындағы қала құраушы кәсіпорын «Агроинтерқұс» ЖШС жұмысын уақытша тоқтатқанын хабарлаған едік. Елдегі жоғары патогенді құс тұмауының таралуына байланысты кәсіпорында 502 600 құс қырылды.

Құс фабрикасының қызметін жаңғырту мақсатында келесі жылдың 5 қаңтарынан бастап 62 мың балапан өсіру жоспарлануда. Кезең-кезеңімен құс саны 420 мыңға дейін жеткізілмек.


Соңғы жаңалықтар