Қостанай облысында Волонтер жылы несімен есте қалды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Биыл Қостанай облысының жастары қалаларды айтпағанда, шалғай ауылдарда волонтерлер қозғалысын құрып, көптеген игі бастамаларға мұрындық болды. Қазіргі уақытта облыста 90 волонтерлік ұйымның қызметі тіркелген. Олардың жұмысын облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысы волонтерліктің Тaza Álem бағытын таңдаған. Мұнда қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу, қайталама шикізаттан шығармашылық өнімдер жасау арқылы халық экологиясын үйретуге басымдық берілген. Жалпы волонтерлік қозғалысты қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 19 жобаны жүзеге асыруға 18,3 млн теңге қарастырылған. Жыл басынан бері 800-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 6 мың волонтер қатысты.
Расымен де ерікті жастардың облыс тұрғындарына тигізген көмектері көп болды. Жастар көмегі елімізде төтенше жағдай енгізіліп, карантин режимі басталған шақта сезілді. Нәтижесінде Қостанай облысының әр ауданында волонтерлер жастақтары құрылды. Олар шектеу шараларын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстарына да белсенді атсалысып келеді. Волонтерлер полиция қызметкерлерімен бірлесіп, карантин шараларын сақтау туралы парақша, медициналық маска мен азық-түлік таратты.

Волонтер жасақтары аудандық ауруханамен де тығыз байланыста болып, төтенше жағдай кезеңінде зейнеткерлерге және ауруханада есепте тұрған жалғызбасты адамдарға дәрі-дәрмек тасымалдауды ұйымдастырды.


Қостанай қаласының емханалары оттегі толтырылған баллондарды, дәрі-дәрмек тасу жұмысына адам қажет екенін айтып, әлеуметтік желіге жазба қалдырған. Осы жылдың 11 шілдесінен бастап Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы тиісті көмек көрсету үшін қала еріктілерінің жиынын ұйымдастырды.
«Осынау қиын шақта бірлік танытуымыз қажет. Сонда ғана қауіпті індетті жеңеміз. Қазір вируспен күресте дәрігерлердің алдыңғы шепте жүргені мәлім. Сол себепті біздің басқарма облыс тұрғындарына үндеу жариялап, көмектесуге шақырды. Бұл үндеуге әртүрлі жастағы, түрлі кәсіп өкілдері үн қатты. Мәселен, бірінші күннен бастап мәдениет қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, студенттер, өрт сөндірушілер бізбен бірге. Қазір оттегі баллондарын емханаларға жеткізу жұмыстарымен айналысып жүрміз. Мұндай жұмыс жалғасады», - дейді агенттік тілшісіне басқарма басшысының орынбасары Саят Шаймұрынов.


Рас, қостанайлық волонтерлер жұмыс таңдап жатқан жоқ. Еріктілер көмек керек шақта қара жұмыстан қашпады. Солардың бірі – кәсіпкер Нұржан Сәрінжіпов.
«Біз жазда достарымызбен бірігіп ауруханаларға көмек көрсетуді ұйғардық. Қалалық аурухананың базасында жұмыс істедік. Қолымыз қалт еткенде медицина қызметкерлеріне көмектесуге уәде еттік. Әкімдік, иә болмаса, аурухана басшылығының нұсқауы болған емес. Әлеуметтік желілерден еріктілердің ұсынысын көріп, қабыл алдық. Бір оттегі баллоны науқасқа тезірек жетсе деген тілек қана болды. Қолдан келгенше көмекті аямаймыз. Негізі волонтерлердің жұмысы осы жылмен тоқтап қалмайды. Сең қозғалды, ендігі жылы да еріктілік қызметіміз жалғасады», - дейді кәсіпкер.
Ооблыс әкімі Архимед Мұхамбетов қиын шақта қол ұшын созған қостанайлық еріктілерді марапаттады. Аймақ әкімінің сөзінше пандемия кезінде еріктілер облыс орталығындағы 5 емханадан 6 мың мекенжайға дәрі-дәрмек жеткізген. 200-ден астам волонтер провизорлық стационарларға әкелінген оттегі баллоны мен өкпеге жасанды жолмен ауа жіберетін аппараттарды түсіру, ғимаратқа кіргізумен айналысты.
«Волонтерлер төтенше жағдай кезінде дәрі-дәрмектен басқа, мұқтаж адамдарға қажетті азық-түлікті жеткізуге көмектесті. Олар 2 мыңнан астам оттегі баллоны мен 100 тоннаның үстінде гуманитарлық көмекке келген заттарды түсірді. Медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында «Мың алғыс» акциясы ұйымдастырылып, шара аясында 600-ден астам медицина қызметкеріне азық-түлік түрінде көмек көрсетілді. Оларды да еріктілер тасып берді. Қауіпсіздік мақсатында тасымалдау кезінде барлық еріктілер бетперде, қолғап және қорғаныс костюмдерімен қамтамасыз етілді. Волонтерлер қозғалысының барлық өкіліне бірлескен жұмысы үшін алғыс айтамын», – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов Волонтер жылының жабылу салтанатында.
Бүгінде аймақта 90 волонтерлік ұйым бар. Qazvolunteer.kz сайтында Қостанай облысында білім алып жатқан 1 125 студент және 60 ұйым тіркелген. Облыс орталығында волонтерлер қозғалысын үйлестіріп, бағыттап отыратын фронт-офис жұмыс істейді. Офис қызметкерлері өзара көмек көрсету мақсатында жасаған vlo.kz онлайн сервисі арқылы облыс тұрғындарының қандай да бір көмек алуына немесе көмек ұсынуына мүмкіндік қарастырылған.


Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев айтқандай, аймақта волонтерлік қозғалыстың 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленеді.
«Бүгінде елімізде волонтерлік қозғалыс толыққанды қалыптасты. Алайда еріктілерге қаржыландыру, ғимаратпен қамтамасыз ету сияқты жүйелі қолдау көрсетілу керек. Сондықтан 2021 жылы облыстағы волонтерлік қозғалысты дамытудың тұжырымдамасы әзірленуі тиіс», – деді Марат Жұрқабаев.
Волонтерлердің ел үшін еткен елеулі еңбегі ескерусіз қалған емес. Бұған дейін қостанайлық 122 волонтер Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатына ие болған.
Қостанай облысында «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығын Жангелдин ауданының «Жалын» жастар ұйымы, «Жомарт жүрек» сыйлығын кәсіпкер Борис Князев иеленді. «Жылдың үздік ұйымы» аталымында «Олжа-Агро» ЖШС жеңіске жетсе, «Ерен ерлік» сыйлығы 17 жасар Жансейіт Құрманғалиевке берілді.
«Мен волонтерлермен бірге дәрі-дәрмектерді тасымалдауға және жеке қорғаныс құралдарын түсіруге белсенді көмек көрсеттім. Арнайы отрядтар құрамында жоғалған адамдарды іздеуге, экологиялық акцияларға қатыстым. Осы еңбегімді бағалаған кісілерге алғысым зор», - дейді волонтер.
Сонымен, Қостанай өңірінің волонтер жастары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Олар мұнымен тоқтап қалмай, атқарушы билікке өздерінің жобаларын ұсынбақ. Ал әкімдік оларды қолдап, материалдық жағынан қолдау көрсетуге дайын.
Соңғы жаңалықтар