Қостанай облысында үш шағын аудан бой көтереді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күні қарсаңында Қостанай қаласындағы Юбилейный шағын ауданында 66 отбасыға пәтер кілті тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баспана иелерін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтай келді. Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасымен бастау алған «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы жыл басынан бері 82 көпбалалы отбасы пәтер кілтіне ие болды.

«Бұл үйдің құрылысына бюджеттен 526 млн 400 мың теңге жұмсалды. Үйдің көлемі – 4116 шаршы метр. Мердігер «Сыл» компаниясы тұрғын үйдің құрылысын сапалы жүргізген. Жалпы осы жылдың қорытындысы бойынша осы бағдарлама аясында 330 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға тапсыруды жоспарлап отырмыз. Өткен жылмен салыстырғанда ол 10 пайызға жоғары. Алдағы уақытта «Қонай» мөлтек ауданында тұрғын үй құрылыстары басталады. Ол жерде 30 көп қабатты үй салынады. Сонымен қатар «Береке» шағын ауданында 72 көп қабатты үй пайдалануға беріледі. Қостанай облысында 12,5 мың тұрғын баспанаға мұқтаж. Демек, алдағы екі-үш жылда жоспарланған құрылыс көп, тұрғындар мәселесі кешенді түрде шешіледі. Ең бастысы тұрғын үйдің құнын сол қалпында ұстап тұруға тырысамыз», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар алдағы уақытта Тобыл өзенінің жағасында «Нұр әлем», «Астана», «Бәйтерек» сияқты жаңа шағын аудандар пайда болады. Мұның сыртында көптеген әлеуметтік нысандар да қолға алынбақ.

Соңғы жаңалықтар