Қостанай облысында ұрылар үйір жылқыны келесі жерге айдап жеткізу үшін адам жалдаған

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы ПД Криминалдық полициясы Әулиекөл және Қарасу аудандарының полицейлерімен бірігіп ірі жылқы ұрлығын ашты. Ұсталған ұрылардан 12 жылқы тұрғындарға қайтарып берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, 17 тамыз күні Қарасу ауданының полиция бөлімшесіне белгісіз бір аттылы адамның далада бір үйір жылқыны айдап бара жатқаны туралы хабар түскен.

«Полиция қызметкерлері жедел түрде Шелғашы ауылына жетті. Оқиға орнына келген полицейлер 56 жастағы ер адамды ұстады. Ол өзін Әулиекөл ауданының Күшмұрын ауылынан аттарды Қарасу ауданына айдау үшін екі ер адам жалдағанын айтып берді», - деді баспасөз қызметінен .

Жедел уәкілдер Қостанай қаласының 27 жастағы екі тұрғынын ұстады.

Жылқыны Әулиекөл ауданындағы өрістен ұрланғаны белгілі болды. Тапсырыс берген жігіттер ұрланған жылқыларды сатуды жоспарлаған.

Ұрланған жылқыны полицейлер үш қожайынға қайтарды. Аталмыш факті бойынша «Мал ұрлау» бабына сәйкес соталды тергеу жүргізіліп жатыр.

Полицияның деректеріне сай, жыл басынан бері облыста 31 мал ұрлығы тіркелген. Ауыл тұрғындарына 10 млн теңге көлемінде материалдық шығын өтелген.


Авторы Жанна Мұсабаева


Соңғы жаңалықтар