Қостанай облысында тұрғын үй құрылысына 24,8 млрд теңге инвестиция тартылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында 2019 жылы 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы баспасөз турында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ филиалы директоры Дәурен Саудабаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде соңғы 4 жылда 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Тұрғын үй құрылысына 100 млрд теңге инвестиция тартылды. 10 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Олардың дені – тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Филиал директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, банктің әрбір жетінші салымшысы несие рәсімдеп, баспанаға ие болған.


«Бүгінде облыстық банк филиалында 65 мыңнан астам тұрғынның пәтер сатып алуға қаражаты бар. Облыс орталығында «Әуежай», «Юбилейный» және «Береке» жаңа шағын аудандары салынуда. Қостанай ауданының Заречный ауылындағы «Северный» шағын ауданының құрылысы аяқталып келеді. 37 гектар аумаққа бірыңғай сәулеттік стильде 279 жеке тұрғын үй салынды. 2020 жылы «Қонай» шағын ауданын пайдалануға беру жоспарлануда. Мұнда көпқабатты үйлер де бой көтермек. Жалпы жыл басынан бері 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, тұрғын үй құрылысына 24,8 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл өткен жылдың деңгейінен 10%-ке жоғары», - дейді Д.Саудабаев.
Баспанаға ие болып, қуанышқа кенелгендердің бірі – Рысбике Жанабекова. Зейнеткер Майлин көшесіндегі жаңа үйдің кілтіне ие болған.


«Мемлекет тұрғындарға жақсы мүмкіндіктер қарастырып отыр. Тек соны тиімді пайдалана білу қажет. Пәтер кілтіне ие болғанда немерелерім қатты қуанды. Көптен күткен мақсатымызға қол жетті. Қарап отырсақ, мұның бәрі мемлекет саясатының арқасы. Тұрғын үй банкіне ай сайын ақша салып тұрамыз. Қалтаға да салмақ түсірмейді», - деп бөлісті Рысбике Жұмағазықызы.
Биыл маусым айында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы көп балалы, толық емес отбасыларды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды жеңілдікпен несиелендіруді бастады. Бұл займ жылдық 2% мөлшерлеме бойынша 20 жылға дейінгі мерзімге, бастапқы жарнасы 10%-дан бастап беріледі. «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атағын алған көп балалы отбасылар мен аналар жеке санатқа шығарылып, оларға бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығын беру заңнамалық түрде бекітілді.
Соңғы жаңалықтар